АХҚО соты студенттер жарысының жеңімпаздарын марапаттады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығында Moot Court заңгерлік жарысының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Moot Court - студенттер арасында сот ойыны түрінде өтетін атақты заңгерлік жарыс. Жарысқа дайындық барысында студенттер берілген ағылшын тілінде заңгерлік проблеманы талдап, талап қоюшы немесе жауап беруші позицияларын қорғап шығуы тиіс. Олар жазбаша құжаттарды әзірлеп, тәжірибелі судьяларының алдында сөз сөйлейді. Бүгін студенттерге АХҚО сотының судьялары - сэр Робин Джейкоб пен сэр Стивен Ричардс төрелік етті.

«Студенттердің ойын түріндегі сот процесі Анлгия мен Уэльсте ғасырлар бойы жүргізіліп келеді. Болашақ құқықтану мамандары үшін бұл қаншалықты күрделі болса, соншалықты үлкен тәжірибе береді. Олар 2 тарапқа бөлініп, ойдан шығарылған іс бойынша тәжірибелі судьялардың алдында нағыз сот процесін өткізеді. Бүгін студент пен оған несие берген банк «соттасады». Яғни, студенттің банкке қарсы апелляциялық шағымын қарастырамыз», - деп түсіндірді АХҚО судьясы Стивен Ричардс.

Биылғы жарысқа Қазақстанның бес университетінің студенттік командалары қатысты. Нәтижесінде ақтық сайысқа М. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ және КИМЕП университетінің студенттері іріктеліп шықты.

«Біз АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығында қазақстандық заңгерлер мен болашақ құқықтанушыларды ең үздік халықаралық машықтармен қамтамасыз еткіміз келеді. Бүгінгі сот процесі ойыны біздің шараларды түйіндейді. Біздің білім беру бағдарламамызда 2018 жылдан бастап, 500-ден астам адам білім алды. 2019 жылы Нұр-Сұлтан мен Алматыда 300-ден астам қазақстандықтарды тегін оқыттық. Тренингтер мен шеберлік сабақтарын біздің судьяларымыз және Кембридж университетінің, Лондон университеттік колледжі мен Дауларды тиімді шешу орталығының жетекші академиктері мен практик-заңгерлері жүргізді. Бұл мамандар КазГЮУ, ЕҰУ және Жоғарғы сотта дәріс оқыды. Келесі жылы да оқыту бағдарламалары жалғасын табады», - АХҚО соты мен ХТО тіркеушісі және аппарат жетекшісі Кристофер Кэмпбелл-Холт ақтық сайыстың ашылуында.

Ойын соңында шағым түсіруші студенттің атынан сөз сөйлеген КИМЕП командасы жеңіске жетті. Олар «The AIFC Court & IAC Moot Final Winners Cup» арнайы кубогымен марапатталды. Ал ойынның барлық қатысушыларына АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығында тәжірибеден өту мүмкіндігі берілді.

Айта кетейік, АХҚО соты тәуелсіз орган болып саналады, ол Англия мен Уэльстің жалпы құқықтық негіздеріне және жетекші халықаралық қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген.

2019 жылдың шілде айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы ресми түрде ашылды.

Соңғы жаңалықтар