АХҚО Сингапур мен Шанхайға әуе рейсін ашуды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов орталықтың бір жылда атқарған жұмысы жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы 12 айда өте жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Біздің реттеуші аясында екі жүзден астам компанияның тіркелуіне келсек, бұл компаниялар арасында айтарлықтай танымал ұйымдардың бар екенін мақтанышпен айтқым келеді. Мәселен, Қытай даму банкі, Қытай құрылыс банкі бар. Сонымен бірге, «Бір белдеу - бір жол» бастамасының нағыз қаржылық хабына айналғымыз келеді», - деп атап өтті Қайрат Келімбетов Astana Finance days аясында өтіп жатқан АХҚО Кеңесінің отырысында.

Оның айтуынша, «Астана» халықаралық қаржы орталығы шын мәнінде инфрақұрылымдық және қаржылық хаб бола алады.

«Үкімет пен ҚР Ұлттық банкі аталған жобаны қолдап отыр және мұндағы маңызды мәселе – басқа ұйымдармен өзара байланыс орнату. Сондықтан, қазір Токио, Сингапур, Шанхай сынды ірі қалаларға тікелей әуе рейсін ашу жөнінде Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Бұл «Астана» халықаралық қаржы орталығын ірі жаһандық қаржылық орталықтармен байланыстыра алады», - деп атап өтті Қ. Келімбетов.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бүгін АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығының ғимараты ашылды.

Еске сала кетсек, Astana Finance Days қаржы форумы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен АХҚО Сот ғимаратының және Халықаралық төрелік орталығының ашылу салтанаты өтті. Ресми іске қосылған бір жыл ішінде халықаралық қаржы орталығы 37 позицияға көтеріліп, қаржы орталықтарының беделді жаһандық индексінде 51-орынға тұрақтады.

АХҚО соты ағылшын жалпы құқығының нормалары мен принциптеріне негізделген сот жүйесін ұсынады. Ол АХҚО қызметіне байланысты туындаған дауларға, сондай-ақ тараптардың келісімі бойынша АХҚО Сотына берілетін дауларға қатысты ерекше құзіретке ие. АХҚО соты өз қызметінде тәуелсіз және Қазақстан Республикасының сот жүйесіне кірмейді. AIFC Халықаралық төрелік орталығы (IACC) AIFC-тегі азаматтық және коммерциялық дауларды шешудің ең жақсы халықаралық стандарттарына сәйкес әрекет ететін тәуелсіз, экономикалық және жедел балама ұсынады.

Сонымен бірге, төрелік соттың ашылуында Ислам даму банкінің президенті Бандар Хаджар «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңыздылығы туралы айтты.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы миссиясының жергілікті нарықта ғана емес, аймақтық және халықаралық деңгейде жұмыс істеу мүмкіндігі бар. АХҚО Орталық Азиядағы хабқа айналу үшін көп жұмыс жасады. Мен АХҚО Басқарушы Кеңесінің мүшелерін және Жер шарының еуропалық бөлігіндегі және Орталық Азиядағы барлық қызметкерлерді құттықтаймын. Мен АХҚО реттеу және басқару саласындағы алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені қолданады және енгізе алады деп санаймын. Бұл әлемнің көптеген елдері үшін пайдалы тәжірибе болады. Біз әр уақытта Қазақстанды қолдаймыз», - деді Бандар Хаджар.

Оның айтуынша, Қазақстан исламдық инфрақұрылымды дамыту үшін жақсы іргетасы бар мемлекет болып саналады.

«Біз исламдық қаржыландыруды және инвесторлар пайдалана алатын капитал нарығын насихаттау үшін жұмыс істейміз. Бұл жеке сектордың қатысуымен экономикалық қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін қажет. АХҚО исламдық қаржыландыруға бүкіл әлемнен инвестор тартуда сенімді серіктес бола алады. Біз үнемі қолдау көрсетіп отырамыз. Біздің топ сіздердің міндеттеріңізді түсінеді және әрқашан қолдайды. Алдағы АХҚО қызметі Нұр-Сұлтанның халықаралық қаржылық қызметке енуіне көмектеседі деп сенемін», - деді Б. Хаджар.

Қайрат Келімбетовтың айтуынша, бүгінде АХҚО реттеушісі ретінде тіркелген кәсіпорындарының саны әлемнің 26 елінен 200-ден астам компанияға артты. Олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Қытай, Ресей елдері, Қытай даму банкі, қытай құрылыс банкі сияқты ірі қаржы институттары және ірі инвестициялық банктер бар.

Айта кетейік, 2019 жылдың 1-4 шілде күндері аралығында елордада Astana Finance Days қаржы форумы өтеді. Форумға әлемнің түрлі мемлекеттерінен сарапшылар, саясаткерлер, бизнес өкілдері және «Астана» халықаралық қаржы орталығына тіркелген компания өкілдері қатысады.

Astana Finance Days аясында төрт бағытты қамтитын халықаралық форум өтеді: инфрақұрылымдық қаржыландыру, әсерлік қаржыландыру, инновациялық қаржыландыру, исламдық қаржыландыру.

АХҚО алаңында исламдық қаржыландыру саласында қызмет көрсететін Малайзия, Ұлыбритания, АҚШ және Қазақстан компанияларын тіркеліп үлгерді. Ислам Даму Банкінің көмегімен осы саланы дамытудың «Жол картасын» (бас жоспар) әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Astana Finance Days ресми бағдарламасы АХҚО Халықаралық кеңесінің II отырысымен аяқталады.

Соңғы жаңалықтар