АХҚО өңірдің басты қаржы хабына айналады - Назарбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» халықаралық қаржы орталығы өңірдің басты қаржы хабына айналады. Бұл туралы бүгін аталған орталық Биржасының алғашқы сауда-саттығын іске қосу шарасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы біз ЭКСПО-2017-ні табысты өткіздік. Әлемдік қоғамдастық бізді қолдады және жаңа энергетика тақырыбы энергетиканы дамытудағы жаңа сөзге айналғандығы аталып өтілді. Салынған ғимараттардың базасында өршіл халықаралық қаржы орталығын салайық деп шештік. Бұл тұрғыда үлкен күдік те болды. Дегенмен, осы орталыққа тағайындағандарым және Үкімет жақсы қызмет атқарып, бүгінде дәл осы жерде «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейді деп айта аламыз. Ол үшін өзге де қаржы орталықтардың тәжірибесін зерделедік және бізге жақындау Дубай тәжірибесіне тоқталдық. Бұл жерде ағылшын тілі мен ағылшын құқығы бекітілген. Мен судьяларды бекіттім, олар бизнесмендердің барлық шағымдарын барынша тәуелсіз қарайтын болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті келешекте АХҚО өңірдің басты қаржы хабына айналып, Азияның жетекші орталықтарының қатарына қосылуы тиістігін баса айтты. Мұнан бөлек, Орталық Азияның барлық елдері аталған орталықтың қызметін пайдалана алатындығын атап өтті.

«Қазірдің өзінде орталық Астанаға қаржы елордасы деген жаңа атау берді. Жаһандық қаржы орталықтары рейтингінде қала соңғы жылдың ішінде 27 сатыға көтерілді. Астана мұнан ары да азаматтарымыз бен елорда қонақтарына барынша жайлы жағдай жасайтын «ақылды қала» ретінде дами беретін болады», - деді Елбасы.

Бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы Биржасының алғашқы сауда-саттығын іске қосқанын хабарлаған едік.

 

 

Соңғы жаңалықтар