АХҚО-ның инвестициялық резиденті мәртебесін алу процесі қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасының мақсатын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заң жобасы қаралды.

«Заң жобасы «инвестициялық резидент» ұғымын және Қазақстанда «инвестициялық салық резиденттігі» бағдарламасын енгізуді көздейді. Инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасы қазіргі таңда дүниежүзінде барынша кеңінен таралған құбылыс. Халықаралық тәжірибені талдау инвестициялық резиденттік нарығының айтарлықтай өсу кезеңінде екенін көрсетіп отыр. Осындай бағдарламалар аясында 500 миллионнан 1 миллиард долларға дейін инвестициялар тартылуда. Қазақстанда – «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасын қолдану ұсынылады. Онда елдің инвестициялық визасы мен салық резиденттігін алу болжамдалған», - деді Ә. Смайылов.

Оның сөзіне қарағанда, инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасының мақсаты - бұл инвестордың және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасына көп мәртелі кіру визасын беру арқылы инвестицияларды тарту. Бағдарламада инвестициялаудың көлемі мен құралдары, инвестициялық салық резиденттігін алу рәсімдері айқындалады.

«Осы тұста қаржы орталығының инвестициялық резиденті мәртебесін алу процесі туралы қысқаша тоқталу қажет. Ең алдымен, әлеуетті шетелдік инвестор «Астана» халықаралық қаржы орталығы кеңсесінде сенімділікке және осы қаржы орталығы туралы Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігіне тексеруден өтеді. Тексеруден өткеннен кейін әлеуетті шетелдік инвестор «Астана» халықаралық қаржы орталығының әртүрлі құралдарына инвестициялар салып (кемінде 60 000 $), Орталықтың инвестициялық резидент мәртебесін алады. Инвестициялық резидент АХҚО өтінішхаты бойынша 5 жылға дейінгі мерзімге кіру визасын алуға құқылы», - деп нақтылады Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, әрі қарай, инвестор елде тұрып жатқанына 90 күн өткеннен кейін және бюджетке жыл сайынғы міндетті төлемді (7000 айлық есеп көрсеткіші – 2019 жылға 17,7 млн.теңге) төлегеннен кейін, ол Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі көздерден пайда болған кірістер бойынша жеке табыс салығын төлеуден босату құқығын алады.

«Елдің ішінде туындаған кірістерге Салық кодексіне сәйкес салық салынатынын, ал шетелде туындаған кірістерге салық салынбайтынын атап өту маңызды. Осы заң жобасы аясында сондай-ақ Республика Президенттігіне, Республиканың Сенаты мен Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар үшін жалпыға бірдей декларациялауды 2020 жылдан 2021 жылға ауыстыру бөлігінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізіледі. Бұл 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңмен көшуіне байланысты», - деді Әлихан Смайылов.

Талқылаудан кейін палата депутаттары «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заң жобасын мақұлдады. Заң жобасы Жалпыұлттық жоспардың 27-ші тармағын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 71-ші тармағын және Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 29-шы жалпы отырысының хаттамалық тапсырмасын (27.05.2016ж.) орындау үшін әзірленді.

Соңғы жаңалықтар