АХҚО мүмкіндіктері Еревандағы «Еуразия апталығы» форумында таныстырылды

None
None
ЕРЕВАН. ҚазАқпарат - Ереванда «Еуразия апталығы» халықаралық көрме форумы басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің Армениядағы меншікті тілшісі.

Жыл сайынғы форумның негізгі мақсаты Еуразиялық экономикалық одақта жағымды бизнес-климатты қалыптастыру, өнеркәсіптік байланыстарды нығайту және экпорттық әлеуетті арттыру болып табылады. Форум алаңында салалық іс-шаралар өтеді. Олардың аясында ЕАЭО елдерінің вице-премьерлері, салалық министрлер, мемлекеттік корпорациялардың басшылары келіссөздер өткізетін болады.

Іскерлік шаралар барысында АҚШ, Германия, Швейцария, Бельгия, Сингапур және Қытай мемлекеттерінен 160 спикер сөз сөйлейтіні күтілуде. Еревандық форум «ЕАЭО - бизнес үшін кеңістік» ұранымен өтуде.


Сондай-ақ «Еуразия апталығы» форумы барысында «Астана» Халықаралық қаржы орталығының қызметі таныстырылды. Сарапшылар АХҚО-ның бизнес пен ЕАЭО-ның іскерлік тобы үшін мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі талқылады.

«Астана» Халықаралық қаржы орталығы қаржы әлеміндегі бірегей өнім. АХҚО - ЕАЭО үшін қаржы қақпасы», - деді АХҚО әкімшілігінің басқарушы директоры Айдар Қазыбаев.

Панельдік сессия барысында сарапшылар АХҚО-ның салықтық артықшылықтары, жеңілдетілген визалық және еңбек режимдері, сондай-ақ оның жұмыс істеуімен еуразиялық бизнес үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктер туралы айтып берді.

«Біздің міндет - аса қымбат Лондонды және өзге де халықаралық алаңдарды алмастыра алатын өңірлік платформаға айналу», - деді АХҚО әкімшілігінің жаһандық нарықтар жөніндегі директоры Әмина Тұрғұлова.

 

 

Соңғы жаңалықтар