АХҚО исламдық қаржы жүйесін қалай дамытады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда исламдық қаржылданыру жүйесі қарқынды дамып келеді. Бұл пікірді «Астана» халықаралық қаржы орталығы Исламдық қаржы мен бизнес хабының басшысы Әлібек Нұрбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлібек Нұрбеков Қазақстандағы исламдық қаржы жүйесін дамыту бойынша АХҚО жүргізген жұмыстарды баяндады.

«Қазақстан өңірдегі исламдық қаржыландыруды дамыту үшін тартымды платформа саналады және исламдық қаржыландыру - АХҚО стратегиялық міндеттерінің бірі. Бұл АХҚО-ның конституциялық заңында да, Тұңғыш Президенттің «100 нақты қадамында» да айқын көрсетілген. Сондықтан, АХҚО Орталық Азия мен ТМД елдері үшін исламдық қаржыландырудың өңірлік хабына айналуды көздейді. Ол үшін арнайы инфрақұрылым, құқықтық және салықтық режим және кәсіби даму мүмкіндіктерін ұсынып отыр», - деді хаб басшысы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, дәстүрлі қаржыландырумен салыстырғанда, исламдық қаржыландырудың бірқатар артықшылықтары бар.

«Ең алдымен, исламдық қаржыландыруда қарыз пайызы атымен жоқ. Екіншіден, бизнесті қаржыландыруда алып-сатарлық әрекеттер болмайды. Яғни, ислам банкі немесе исламдық қаржылық институт пен бизнес арасында тәуекелдер мен табыстар тең бөлінеді. Дәстүрлі банкпен салыстырғанда исламдық банк кәсіпорынның бірлескен инвесторы болады. Оған кәсіпкердің немесе борышкердің сәтсіздікке ұшырауы тиімсіз, бұл жағдайда қос тарап та көп нәрсе жоғалтады. Және мұндағы айыппұл мен өсімақы банк табысына емес, қайырымдылыққа жұмсалады», - деді Ә. Нұрбеков.

АХҚО исламдық қаржылық бизнес-хабының міндеті - исламдық қаржылық нарық қатысушыларына қолайлы орта жасау.

«Исламдық қаржылық нарық қатысушылары АХҚО тарапынан берілетін жеңілдіктер мен біз жасап шыққан реттеуші база аясында еркін жұмыс істей алады. Біздің артықшылықтарымыз ретінде икемділік, шешімдер мен заңдардың жылдам қабылдануын және олардың жаңа екенін атап өтуге болады. Біз исламдық қаржыландыруды дамытудағы үздік әлемдік тәжірибелер мен халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істейміз. Тіпті кей тұста алға озып, өз бастамаларымыз бен құралдарымызды жасап, өзге елдерге таратуымыз да бек мүмкін», - деді Әлібек Нұрбеков.

АХҚО-да исламдық қаржыландыру саласында жұмыс істейтін алғашқы компаниялар да тіркелді. Олардың арасында малайзиялық, ұлыбританиялық, АҚШ және қазақстандық исламдық банктер, уақып қоры, инвестициялық қор, исламдық қаржы технологиясы ұйымдары және заңгерлік, консалтингтік компаниялар бар. 2018 жылы АХҚО исламдық қаржы саласындағы ең беделді Global Islamic Finance Awards (GIFA) 3 сыйлығын жеңіп алған.

«Бүгін Исламдық қаржыландыру принциптері бойынша Орталық кеңестің жұмысын бастадық. Сонымен бірге, исламдық қаржы бойынша Шариғат кеңесі бар. Екі жыл бұрын ашылған Халықаралық сараптамалық кеңестің ұсынымдары арқылы қолайлы экожүйе құра алдық. Бірақ, біз осымен тоқтап қалмаймыз. Заманауи үрдістермен қатар дами түсеміз», - деді Ә. Нұрбеков.

АХҚО Азиялық даму банкімен бірлесіп, исламдық қаржыландыру, исламдық банкинг, исламдық сақтандыру мен исламдық капитал нарығы бойынша қолайлы құқықтық және реттеушілік база құру бойынша жұмыс істеді. Исламдық қаржы бойынша заңнаманы әрі қарай жетілдіру үшін АХҚО өкілдері IFSB (Исламдық қаржы қызметтері бойынша Кеңестің техникалық комитеті) мен IFSB стандарттарын әзірлеу жұмыс тобының құрамына енді. Одан бөлек, «Астана» халыақаралық қаржы орталығы беделді AAOIFI (Исламдық қаржылық институттардың бухгалтерлік есеп және аудит ұйымы), CIBAFI (Ислам банктері мен қаржылық институттарының бас кеңесі) ұйымдарына мүше.

Сонымен бірге, Ә. Нұрбеков малайзиялық профессор Азми Омардың «Ислам қаржыландыруын дамыту туралы Жол картасы» және Ислам халықаралық рейтинг агенттігінің еңбегі туралы пікір білдірді.

«Жол картасы Ислам даму банкінің техникалық көмегі аясында жүргізілді. Онда Қазақстандағы исламдық қаржыландыруды дамыту аясында жүргізілген зерттеудің алдын ала нәтижелері айтылды. Бұл құжаттар арқылы ағымдағы жағдайды бағамдап қана қоймай, кемшіліктер мен алда тұрған негативті көрсеткіштерді де анықтай аламыз. Жол картасы дұрыс бағытты бет алуға көмектесеміз. Ал Ислам рейтинг агенттігі өз әдістемесін қолдану арқылы тәуелсіз талдау жасады. Ислам ынтымақтастық ұйымы елдерінің өз ерекшеліктерін, адами капиталы мен дамуындағы көрсеткіштерді ескерді», - деді Ә. Нұрбеков.

Қазіргі уақытта АХҚО-да исламдық қаржыландырудың толыққанды нарығы қалыптасып келеді. АХҚО Биржасында тәуелсіз және корпоративті исламдық құнды қағаздарды (сукук) шығару жоспарланған.

«Тәуелсіз Сукук облигациясына қатысты реттеуші базаны 2015 жылы әзірлегенбіз. Оны 2020 жылға қарай шығару жоспарланған. Сонымен бірге жасыл сукук шығаруды да ұмыт қалдырмаймыз», - деп түсіндірді АХҚО өкілі.

Сондай-ақ, спикер Қазақстандағы исламдық қаржы жүйесін халал-индустриямен қатар дамытуды ұсынды.

«Исламдық қаржы жүйесі экономиканың нақты секторымен тығыз байланысты. Оның құралдарын пайдалануда белгілі бір шектеулер бар. Мәселен, кәсіпкердің құмар ойын ұйымдастыруына, алкоголь өндіруіне, үстеме өсімге тыйым салынған. Сондықтан исламдық қаржыландырудағы кәсіп халал болғаны жөн. Халал бизнесті азық-түлік индустриясымен ғана байланыстырып үйренгенбіз. Ал шын мәнінде фармацевтика, туризм сынды аясы кең. Сондықтан, халал-индустрияны дамытсақ, инвестиция да көптеп түсер еді. Қазіргі уақытта елімізде халал-бизнес, оның сертификаттау, аккредиттеу мәселелері жолға қойылмаған. Техникалық регламенттері Қазақстанда ғана емес, ЕАЭО аумағында шешілмеген. Осы орайда АХҚО-да Ислам қаржыландыруымен, халал-индустриямен және инвестиция тартумен айналысатын қауымдастық құрылып жатыр», - деді спикер.

Ә. Нұрбековтың айтуынша, Қазақстанда бизнес қауымдастыққа ғана қызмет етіп келген исламдық қаржы жеке тұлғаларға да қызмет көрсете бастады.

«Қазақстандағы алғашқы исламдық банктер көп жағдайда корпоративтік қаржыландырумен айналысатын. Қазір тағы бір ислам банкі ашылды және ол халықпен жекелей жұмыс істеуді бастады. Оларға ипотека, автонесие, инвестициялық депозит қызметтерін көрсетуді бастады. Оның да талаптары нарықпен бірдей. Қазақстандағы исламдық қаржыландыру үлесі 1 пайыздан томен айналасында. Бұл алдағы уақытта өсу қарқынының жоғары екенін білдіреді. Сондықтан, қаржылық институттарды мұндай болашағы зор салаға белсенді қатысуға шақырамыз», - деді Әлібек Нұрбеков.

Спикердің айтуынша, 2019 жылдың 22-26 шілдесінде АХҚО Исламдық қаржылық қызмет көрсету кеңесімен (IFSB) бірлесіп, бірнеше шараларды өткізеді. Оның ішінде,Исламдық сақтандыру нарығы (такафул) мен ислам капиталы нарығын реттеудің негізгі қағидаттары, IFSB жұмыс топтары мен техникалық комитетінің кездесулері өтеді. Сондай-ақ IFSB мүшелері мен нарық қатысушыларының интерактивті сессиясы өтеді. Жиында IFSB өкілдерімен исламдық қаржыландыруды одан әрі дамыту туралы тәжірибе және пікір алмасу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар