+7 (701) 759 90 19
USD 426.14 EUR 497.05
RUB 6.02 CNY 66.69
Jańalyqtar

АХҚО Халықаралық инвесторлар апталығын өткізбек

2021 жылғы 28 қыркүйек 11:58
Бөлісіңіз:
АХҚО Халықаралық инвесторлар апталығын өткізбек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылдың 4 - 8 қазан аралығында АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) Халықаралық инвесторлар апталығын (WIW) ұйымдастырмақ.

Жаһандық бастама Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымы (IOSCO) аясында онлайн форматта өткізіледі.

IOSCO - бағалы қағаздардың әлемдік реттеушілерін біріктіретін халықаралық ұйым. АХҚО-дағы Халықаралық инвесторлар апталығы тақырыптық тұрғыда инвестициялаудың, ақылды инвестициялаудың, цифрлық активтердің, орнықты қаржыландырудың, алаяқтықтың алдын алудың, қаржылық сауаттылық пен білімнің негіздерін түсінуге бағытталады.

IOSCO басқарма төрағасы және Гонконг бағалы қағаздар мен фьючерстер жөніндегі комиссиясының бас атқарушы директоры Эшли Алдердің айтуынша, бағалы қағаздар нарығында жеке инвесторлардың саны өсіп жатқан кезеңде WIW-тің ақпараттандыру бастамалары ерекше маңызды. Себебі, коронакризис кезеңінде көптеген адамдар қосымша кіріс көздерін табуды іздеумен болса, осы жағдайдың салдарынан алаяқтықпен айналысатын қылмыскерлердің де саны ұлғая түсті.

Бағалы қағаздарды реттеудің әлемдік үлгісін орнатқан бұл ұйымның WIW бастамасы юрисдикциялар, мүдделі тараптар мен ірі халықаралық ұйымдар арасында күннен-күнге қолдауға ие болып келеді. Оның ішінде, экономикалық картада әлемнің бірегей орталығы болып табылатын АХҚО да өз WIW бастамасында IOSCO-ның жолдауларын барынша таратуға қолдау көрсетіп келеді.

«Жалпы айтқанда, IOSCO аясында өткізіліп жатқан WIW бастамасының түбегейлі мақсаты - жеке инвесторларды қорғау, яғни алаяқтықтан қорғану жолдары туралы ақпараттандыру. Инвестиция салмастан бұрын, осы саланың негізгі ұғымдарымен танысып, оның қалай жұмыс істейтінін түсіну қажет. Мысалы, әлеуметтік желідегі блогерлердің, не басқа да танымал адамдардың сөзіне ере бермей, каржы саласында өз сауатымызды ашуды алға қоюымыз керек», - деп мәлімдеді AFSA Халықаралық қатынастар және коммуникация департаментінің директоры Алмас Жоламанов.

Осыған орай, қаржылық еркіндік жолында алаяқтықтан қорғану үшін не істеу керектігі туралы, әрі қаржы саласындағы басқа да құнды ақпарат жайында Халықаралық инвесторлар апталығында әлемнің жетекші сарапшылары жиған-терген білімімен бөліспек. Оның ішінде, АҚШ-тың Бағалы қағаздар мен биржалар жөніндегі комиссиясының инвестициялық білім беру жөніндегі заң кеңесшісі Оуэн Донли, Қаржылық жоспарлау стандарттары кеңесінің қаржылық кәсіпқойлық жөніндегі директоры Пол Граймс, АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінің бас директоры Мұхтар Бөбеев және Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының Жеке инвесторлар комитетінің төрағасы Паскаль Мунофо негізгі спикерлер ретінде қатысады.

Егер сіз инвестиция жасауға қызығушылық танытып немесе жалпы қаржы саласында сауатыңызды ашуға ынталанып жүрген болсаңыз, осы сілтеме бойынша Халықаралық инвесторлар апталығына тіркелсеңіз болады. АХҚО-да Халықаралық инвесторлар апталығы туралы толығырақ ақпарат мына сілтеме арқылы қол-жетімді.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT