Ағымдағы жылғы 21 шілдеден бастап шетелдік компаниялардың Қазақстаннан чартерлік тасымалдауды жүзеге асыруына тыйым салынады

None
None
АСТАНА. 12 шілде. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы 21 шілдеден бастап шетелдік компаниялардың Қазақстаннан чартерлік тасымалдауды жүзеге асыруына тыйым салынады. Бұл шара жолаушыларға әуекомпаниялардың сапалы және уақытылы қызмет көрсетуіне кепілдік беруді қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында әуе тасымалын жүзеге асырып жүрген чартерлік компаниялар тікелей туристік операторлармен қызмет көрсету туралы келісімге отырады да, рейстердің кешіктірілуі, кейінге шегерілуі жөнінен жолаушылар алдында ешқандай жауапкершілікті сезінбейді.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов: «Шетелдік компанияларға Қазақстанға чартерлік тасымалдауды жүзеге асыруға рұқсат ағымдағы жылғы 21 шілдеге дейін ғана беріледі. Бірақ аталған рейстерді тұрақты форматқа ауыстыру арқылы шетелдік компаниялар өздерінің қызметтерін одан әрі жалғастыруларына мүмкіндік алады. Бұл үшін екі ел арасындағы әуе қатынасы жүзеге асырылып отырған үкіметаралық келісімге өзгертулер енгізу қажет», - деп атап өтті.

Бұл жерде айтып өту керек, чартерлік рейстермен салыстырғанда тұрақты әуе рейстерінің ұшу кестесі екі елдің авиация әкімшілігімен келісіледі, ал олардың орындалуы үкіметаралық келісіммен айқындалады.

Түріктің «Sky Airlines» әуекомпаниясының ағымдағы жылдың маусым айында банкротқа ұшырауы нәтижесінде қазақстандық туристердің сатып алған билеттері бойынша дер кезінде елге орала алмай қалғандарын естеріңізге салып өткіміз келеді. Олардың елге оралуы мемлекеттің есебінен ұйымдастырылды. Осыған ұқсас жағдайлар мұның алдындағы жылдары да орын алған болатын.

Шетелдік компаниялардың Қазақстаннан чартерлік тасымалдауды жүзеге асыруына тыйым салуды көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы ағымдағы жылғы 21 шілдеде күшіне енеді.

Соңғы жаңалықтар