Ағымдағы жылдың соңына қарай Қазақстан халқы 100 пайыз спутниктік табақшалар арқылы сандық сигнал алуға қол жеткізеді

None
None
АСТАНА. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылдың соңына қарай Қазақстан халқы 100 пайыз спутниктік табақшалар арқылы сандық сигнал алуға қол жеткізеді.

Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Telecom 2010» форумы барысында ҚР Ақпарат және байланыс вице-министрі Сәкен Сәрсенов айтты.

Аталған министрліктің осындай форумдарды қолдайтындығын әрі телекоммуникация саласында, интернетті дамыту жолында өте үлкен, ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқандығын атап өткен вице-министр осы саладағы операторлармен жоспар бойынша жұмыс істеп жатқандықтарын алға тартты. Сонымен қатар ол ұялы байланыс операторларымен қызмет тарифтерін төмендету жөніндегі келіссөздер жүргізіліп жатқандығын атап өтті. «Халқымыз үшін байланыс тарифтері төмен болуы керек. Біз өз тарапымыздан салалық кодекске өзгерістер енгізудеміз. Осыған орай бұл саланың операторларының интернетке және ұялы байланысқа тарифтері төмен болған жағдайда министрлік оларды қолдайды», дейді С.Сәрсенов.

Сондай-ақ ол Ақпарат және байланыс министрлігі реттеуші болғанымен операторлардың жұмысына араласпайтындығын, алайда тарифтер жоғары болған жағдайда оператор жұмысына араласуға құзіреті бар екендігін жеткізіп, ведомство тарапынан қазіргі уақытта атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды.

«Қазір байланыс саласында күн сайын жаңа технологиялар, жаңа байланыс қызметтері пайда болуда. Соның ішінде біздің министрлікпен сандық телдидар бойынша үлкен жоба жүргізіліп жатыр. Жылдың аяғына дейін біз спутниктік сигналды тарата бастаймыз, яғни халқымыздың 100 пайызы спутниктік табақшалар арқылы сандық сигнал алуға қол жеткізеді. Оның ішінде 35 телеарна төлемақысыз таратылады. Ал 2015 жылға дейін эфирлік-сандық сигнал тарататын боламыз. Бұл мемлекетіміздің қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар өте маңызды жоба», дейді вице-министр.

Сонымен қатар оның атап өтуінше, министрлік Қазақтелеком компаниясымен бірлесіп, ауылдық жерлерді сапалы әрі жылдам интернет байланысымен қамтамасыз ету мақсатында да жұмыстар атқару үстінде. «2013 жылдың басына қарай ауылдық елді мекен тұрғындардың басым бөлігі жақсы әрі сапалы интернетпен қамтамасыз етіледі», деді ол өз сөзінде.

Соңғы жаңалықтар