Ағымдағы басты мақсат бүгіндегі еліміздегі барша бағдарламаларды ретке келтіру -Үкімет басшысы

None
None
АНА. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ағымдағы басты мақсат бүгіндегі еліміздегі барша бағдарламаларды ретке келтіру. Бұл туралы бүгін Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарына қол қойды. Бұл біздің одан арғы іс-қимылымыздың негізгі және басты құжаты болып табылады. Осыдан кейін әзірленетін бағдарламалар мен құжаттар аталған бас стратегиялық құжатқа негізделуі тиіс», деді Үкімет басшысы.

Ағымдағы кезеңдегі басты мақсат еліміздегі барша бағдарламаларды ретке келтіру екенін жеткізген К. Мәсімов, «Бүгінде бізде әр деңгейдегі 100-ден астам бағдарламалар бар», деді.

«Елбасы өз сөзінде нақты айтып өтті. Басты құжат - 2020 жылға дейінгі стратегиялық бағдарлама. Содан кейін 5 мемлекеттік бағдарлама болады. Және олар Елбасының жеке қадағалауында қаралмақ», деді Премьер-Министр. Осыған байланысты үдетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына тоқталған К. Мәсімов, «Оны Үкіметте біз талқыладық. Қазір оны аяқтау жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы аптада оны соңына дейін жеткізіп, қабылдау керек. Сондай-ақ Елбасының қарауына енгізу қажет», деді.

Сонымен бірге Үкімет басшысы білім саласын дамыту бағдарламасы, денсаулық сақтау, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласындағы бағдарлама, сондай-ақ тілдерді дамыту бағдарламасы бар екенін атап өтті. «Атап айтқанда, мен мемлекеттік тіл мәселесі бойынша тиісті министрлікке нақты тапсырма бердім. Менің пайымдауымша, олар жақсы бағдарламаны дайындап жатыр», деп атап өтті К. Мәсімов.

«Мүмкін кейіннен тағы да басқа бағдарламалар пайда болатын шығар. Алайда олар көп болмайды. Яғни, 5-7 бағдарлама көлемінде болмақ. Яғни, жоғарыда аталған стратегиялық бағдарламаларды Елбасы өзі қарайтын болады», деді Премьер-Министр.

К. Мәсімов одан кейінгі бағдарламалар Үкіметтік деңгейде болатынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар