Ағылшын жазушысы қазақ мәдениеті туралы балаларға арнап кітап жазды

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Ағылшын жазушы Луис Пул қазақ халқының ежелгі мәдениеті мен дәстүрі туралы сыр шертетін «Жарық жұлдыз» атты балалар кітабын жазды. Бұндай кітап шығару идеясы автордың мектеп жасындағы қызымен бірге Шропшир графтығына барған кезде пайда болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еркін жайылып жүрген жабайы жылқыларды көрген қызы олардың шығу және қолға үйретілу тарихы туралы сұрайды. Луис үйіне оралып, біздің заманымызға дейінгі V-IV ғасырлардағы Ботай мәдениеті туралы зерттей бастайды. Ботай мәдениеті ежелгі адамның алғаш рет жылқыны қолға үйреткендігімен әлемге әйгілі және бұл тарихи оқиға Қазақстанда көрініс тапқан.

« Бұл мені тәнті етті. Зерттеуді сәл тереңірек жүргізуді ұйғардым. Біраздан соң миымда әңгіменің желісі пайда бола бастады. Қазақстан туралы мәліметтер жинадым. Жылқының қайдан келгенін, қалай жерсіндірілгенін білдім. Қазақстанның табиғаты, халқы туралы да біраз мағлұматқа қанықтым», - деді Луис Пул ҚазАқпарат тілшісіне.

Кітаптың басты кейіпкері Раушан есімді 12 жастағы қыз және Жарық жұлдыз атты жылқы. Оқиға желісіне сәйкес Раушан жануардың тілін тауып достасады. Шығарманың басты оқырманы 7 мен 11 жас аралығындағы балалар, -дейді автор.

Бірақ ересек адамдар да одан өзіне керегін таба алады.

«Тарихты жақсы көретін, Қазақстан туралы білгісі келетін ересектер де әдеби шығармаға деген қызығушылығы артпақ. Кітап сөрелерінен табылуы тиіс дүние деп ойлаймын. Осылайша Қазақстанның әлемдегі танымалдылығы артады деген үміттемін», -дейді жазушы.

Луистың негізгі мамандығы - суретші. Сондықтан кітаптың иллюстрациясымен өзі айналысқан.

Әдеби шығарманың жарық көруіне жолдасы Стив Пул көмектескен.

«Мен кітаптың шығарылуына қаржылай қолдау көрсеттім. Сонымен қатар Луисты рухани тұрғыда да демеуге тырыстым. Зерттеулер жүргізуіне жәрдемдестім»,- дейді ол.

Кітап авторы Қазақстанды көргісі келеді.

«Мен Қазақстанда ешқашан болған емеспін. Бірақ қуана барар едім. Мәдениеті, тарихы, халқы ерекше қызықтырады. Сондай-ақ алмалардың піскен кезін көргім келеді. Ежелгі адамдардың тасқа қашап жазған жазуларын да тамашалағым бар», - дейді автор.

Бүгінде көркем шығарманы онлайн сауда дүкендері арқылы сатып алуға болады. Жуық арада электрондық нұсқасын да шығару жоспарда бар, дейді Луис Пул. Бұған қоса ол кітаптың жалғасын жазғысы келеді.

«Раушан мен Жарық жұлдыздың бастан кешкендері әлі бітпеді», -дейді жазушы.



Соңғы жаңалықтар