Ағылшын тілінің 1200 мұғалімі халықаралық жоба аясында тегін курс оқиды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағылшын тілі пәнінің 1 200 мұғалімі халықаралық жоба аясында құзыретін арттыру курсынан өтеді. Бұл туралы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы оқу жұмысы департаментінің директоры Ержан Тілеубергенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, «Өрлеу» орталығы «Британ кеңесі» халықаралық ұйымымен бірлесіп ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған Future English Online Teacher Community бағдарламасы бойынша тренингтер өткізеді.

Халықаралық жоба әлемнің 6 елінде жүзеге асырылып жатыр.

«Курс 17 қазанда басталып, 23 желтоқсанға дейін жалғасады. Қазақстанда бұл жоба «Өрлеу» базасында екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Сондай-ақ бұл бастама жыл сайын болады деп күтіліп отыр», - деді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы оқу жұмысы департаментінің директоры Ержан Тілеубергенов.

Жоба 11 апта бойы қашықтан оқытуға арналған және ағылшын тілі мұғалімдерінің үздіксіз кәсіби дамуын көздейді.

«Биыл мұғалімдерді қабылдау және олардың ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтау бойынша тестілеу аяқталды. Жақында 1 200 мұғалім оқуға кіріседі. Бұл жоба біздің республика мұғалімдерінің ағылшын тілін оқытудағы құзыретін арттыратынына сенеміз», - деді Ержан Тілеубергенов.


Фото: ourreg.ru



Соңғы жаңалықтар