Ағылшын тілінде сахналанған «Сұлтан Бейбарыс» Беларусьтағы «Белая вежа» театр фестиваліне жол тартпақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жақында Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында «Сұлтан Бейбарыс» спектаклі ағылшын тілінде қойылды. Мұндай жаңашылдық қазақ өнерін, қазақ актерлерінің деңгейін әлемге танытуға септігін тигізбек, дейді театр директоры Еркін Жуасбек.

«Рахымжан Отарбаев туындысы «Сұлтан Бейбарыс» қыркүйектің 14-інде өтетін Беларусьтағы «Белая вежа» театр фестивалінде Қазақстанның өнерін таныстырады. Осы әрекетіміз арқылы Еуропаның терзесін қағып тұрмыз десек те болады. Қазақ режиссерлерінің, актерлерінің бүгінгі деңгейін, қазақ өнерін әлемге таныстыруда бұл таптырмайтын мүмкіндік», - деді директор.

Оның айтуынша, қойылымға қатысқан 30 актер Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде ағылшын тілінен алдын ала сабақ алған.

Қойылымның премьерасына қатысқан КИМЭП, ҚБТУ, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ұстаздары мен студенттері театр ұжымының тың өнерін жоғары бағалады.

Сонымен қатар, театр директоры Еркін Жуасбек жаңа маусымда театр көрермендерін қандай жаңалық күтіп тұрғандығын да айтып өтті.

Биылғы маусымда 5 спектакльдің премьерасы жоспарланған. Олардың бірі - жазушы Дулат Исабековтың «Сүй, жан сәулем» атты Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін пьесасы жақында сахналады.

Өнер ұжымында елең еткізер биылғы жылдың тың жаңалықтарының бірі - әлемдік режиссерлердің келуі болып отыр. Биыл қазан айында литвалық режиссер Йонас Вайткус өзінің шығармашылық тобы - суретші, сазгерімен Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі» туындысын сахналайтын болады.

Сонымен қатар, Академиялық театр ұжымы келесі жылы Татарстан, Башқұртстан елдеріне гастрольдік сапармен аттанбақ.

Соңғы жаңалықтар