Ағылшын тілінде білім беру кезең-кезеңімен жүзеге асады - Арын Өрсариев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев Қазақстан мектептеріндегі кей пәндерді ағылшын тілінде оқыту мүмкіндігі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз оқытушылық қызметінде ағылшын тілін қолдана алатын 1 500 мұғалімді дайындадық. Бұл 100% ағылшын тілінде оқытылады деген сөз емес. Қазақстандағы тәжірибеге сәйкес, алдымен ақпараттың кішігірім бөлігі ағылшын тілінде түсіндіріледі. Одан кейін жарты жыл ішінде бұл көрсеткіш 10-20%-ке дейін жетеді және біршама уақыт өткен соң, пән толығымен ағылшын тілінде оқытылады. Қазір де екі тілде сабақ беретін мектептер бар. Бұл процесті кезең-кезеңімен және өте мұқият іске асыруды жоспарлап отырмыз. Жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқытуға кезеңмен көшудің жол картасы бар», - деді Арын Өрсариев Астанада өткен педагогтардың тамыз кеңесінде.

ҚР БҒМ жауапты хатшысы Қазақстанда ағылшынтілді педагогтарды дайындайтын мамандардың бар екенін еске салды.

«Бұл сұрақ жиі қойылады. Егер адам ағылшын тілінде сабақ бергісі келсе, әрине, оның деңгейін барынша көтеруге тырысамыз. Барлық мұғалімдердің ағылшын тілін білу деңгейін 100% қамтамасыз ете алмаймыз. Бірақ, қазіргі деңгейлерін көтеруге міндеттіміз», - деп атап өтті ол.

Сонымен бірге, жауапты хатшы оқытушыларды шетелде оқыту мәселесі жөнінде де пікір білдірді.

«Бізде «Болашақ» бағдарламасы бар. Экономикалық тұрғыдан қарағанда барлығын жөнсіз шетелге білім алуға жібереді. Тілді Қазақстанда да үйретуге болады. Британдық консулдың қолдауымен ағылшын тілінде сөйлейтін адамдарды Қазақстанға шақыра аламыз. Бұл үшін Ұлыбританияға немесе АҚШ-қа барудың қажеті жоқ. Қазіргі уақытта тіл лагері форматы бойынша оқыту жүріп жатыр. Біз педагогтарды жұмысынан алып кетіп, тікелей тіл үйрету бойынша жұмыс істейміз. Жұмысынан алыстатпай да оқытуға болады», - деп түйіндеді Арын Өрсариев.

Соңғы жаңалықтар