Ағылшын сот төрелігі елімізде табысты қолданылады - Қасым-Жомарт Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ағылшын заңы бұрынғы Кеңес Одағы аумағында алғаш рет Қазақстанның жалпы әділ сот жүйесінде қолданылмақ.

Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығының ашылуында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баршаңызға белгілі, экономикалық және қаржылық реформалардан бөлек, бірқатар құрылымдық және жүйелік реформалар жасап келеміз. Заңның үстемдігі табысты экономикалық және тұрақты өсімнің негізі екенін түсінеміз. Сондықтан, заманауи кәсіби және тәуелсіз сот жүйесін құруға ерекше мән береміз. Ағылшын құқығының сот төрелігіне негізделген АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығын құру арқылы АХҚО институционалдық құрылымын құруды аяқтаймыз. Сонымен бірге, біз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі бастамаларының бірін жүзеге асырудамыз. Елбасы бастамасы арқылы бүгін АХҚО табысты қызметіне куә болып отырмыз», - деді Президент.

Оның айтуынша, АХҚО құрылуы еліміздің дамыған 30 елдің қатарына енуіне арналған маңызды құрал саналады.

«Бұл міндеттің өте жауапты екенін білеміз. Ол тұрақты сапалы экономикалық өсімді және жаңа инвестициялар мен жаңа технологиялар тартуды қажет етеді. Дегенмен, біз реформалардан қорықпаймыз. Сондықтан, ағылшын заңы бұрынғы Кеңес Одағы аумағында алғаш рет біздің елімізде жалпы әділ сот жүйесінде табысты қолданылмақ. АХҚО сотын ең беделді және құрметті британдық судьялардан қалыптастыру - АХҚО-ның табысқа жетуіне ықпал етеді», - деді Қ. Тоқаев.

Президенттің айтуынша, «Астана» халықаралық қаржы орталығы өзінің бір жылдық жұмысында 37 деңгейге жоғары көтерілді. Қаржылық орталықтардың беделді жаһандық индексінде 51-орынға тұрақтады.

«Нұр-Сұлтан қаласы Шығыс Еуропа, Орталық Азия аймақтары бойынша көш басшында тұр. АХҚО табысты жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалды және инфрақұрылым жолға қойылды деп толық сеніммен айта аламыз. Енді бізге тәжірибелік нәтижелердің болуы маңызды. Өткен жылы Тұңғыш Президент «Астана» халықаралық қаржы орталығын ресми түрде іске қосты. Ал бүгін салтанатты, әлемдік стандарттар деңгейіндегі жоғары класты кеңседе қонақ қабылдап, Кеңестің кеңейтілген отырысын өткізіп отырмыз. АХҚО құрылған сәттен бастап Кеңестің төрт отырысы өтті. Онда АХҚО даму стратегиялары, органдарының құрылымы бекітіліп, өзге де жүйелік маңызды мәселелер қаралды», - деді Мемлекет басшысы АХҚО Кеңесінің отырысында.

Сонымен бірге Президент Ислам даму банкінің президенті, доктор Бандар Хаджар мен City Group мемлекеттік сектор бөлімінің басшысын Кеңеске мүше болуымен құттықтады.

«Бүгін салтанатты жағдайда АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығын аштық. Барлық даму бағыттары бойынша орталық нәтижелерімен және жоспарымен таныстым. АХҚО - Нұр-Сұлтан қаласындағы ерекше мәртебесі бар аумақ қана емес, қаржылық орталық, құзіреттер мен кәсіби дамудың, адами капитал, жасыл экономика және исламдық қаржыландыру орталығы. Мұның барлығына ішкі күш-жігеріміздің және тұтас халықаралық қауымдастық пен шетелдік серіктестердің қолдауы арқасында қол жеткіздік», - деді Қ. Тоқаев.

Айта кетейік, Astana Finance Days аясында Астана халықаралық қаржы орталығында АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы ашылды. АХҚО сотын Лорд Вульф және Халықаралық төрелік орталығын Барбара Доманн басқарады.

«Бүгін біз тарихымыздың жаңа бөлімін ашып отырмыз. АХҚО судьялары өте маңызды рөл атқарып, әділдік пен шыншылдықтың символы болып қалады. Бүгінгі шараны Қазақстан тарихындағы беделді төреші Төле би атындағы залда өткізуіміз де тегін емес. АХҚО сотының төрағасы Лорд Вульфке және Халықаралық төрелік орталығының төрайымы Барбара Доманнға және АХҚО сотының бас жетекшісіне аталған сот пен орталықты ашуға қосқан үлесі үшін ерекше алғыс айтамын. Толағай табыс тілеймін. Және АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығын ашық деп жариялаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

АХҚО соты ағылшын жалпы құқығының нормалары мен принциптеріне негізделген сот жүйесін ұсынады. Ол АХҚО қызметіне байланысты туындаған дауларға, сондай-ақ тараптардың келісімі бойынша АХҚО Сотына берілетін дауларға қатысты ерекше құзіретке ие. АХҚО соты өз қызметінде тәуелсіз және Қазақстан Республикасының сот жүйесіне кірмейді. AIFC Халықаралық төрелік орталығы (IACC) AIFC-тегі азаматтық және коммерциялық дауларды шешудің ең жақсы халықаралық стандарттарына сәйкес әрекет ететін тәуелсіз, экономикалық және жедел балама ұсынады.

Айта кетейік, 2019 жылдың 1-4 шілде күндері аралығында елордада Astana Finance Days қаржы форумы өтеді. Форумға әлемнің түрлі мемлекеттерінен сарапшылар, саясаткерлер, бизнес өкілдері және «Астана» халықаралық қаржы орталығына тіркелген компания өкілдері қатысады. Форумның ресми бағдарламасы АХҚО Халықаралық кеңесінің II отырысымен аяқталады.

Соңғы жаңалықтар