Агротехникаға утиль жеңілдігі сертификатының мерзімі тағы бір жылға ұзартылады – министр

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы техникасына берілетін утильдік жеңілдік сертификатының мерзімі тағы бір жылға ұзартылады. Бул туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев ҚР Президенті Телерадиокешінінің «Үш сұрақ» бағдарламасына берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда бұл салада да проблемалар бар. Нақтырақ айтсақ, EcoQolday жүйесімен байланысты түйткілдер бар. Қазір ол жүйе уақытша жұмыс істеп тұрған жоқ. Тергеу шаралары жүріп жатқанын білетін боларсыздар. Осы шаралар біткеннен кейін жүйенің жұмысы жалғасады», - деген ведомство басшысы жеңілдік сертификаттары бойынша қандай шешім қабылданғанын түсіндірді.

«Ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға өткізгендер жеңілдік сертификатын алады. Осы сертификаттың жарамдылық мерзімі бір жыл уақытпен шектелген. Сондықтан азаматтардан «бұған дейін берілген сертифкаттардың жарамдылық мерзімі өтіп кетіп, пайдаға жарамай қалмай ма?» деген негізді қауіптері болған. Қазір біз осы сертификаттың жарамдылық мерзімін тағы бір жылға ұзарту туралы Индустрия министрлігімен бірлескен бұйрық жасап жатырмыз. Сәл ғана күту керек. Тиісті жұмыстар жасалып жатыр. Жақын күндері аталған бұйрық шығады деп ойлаймын. Яғни алаңдауға себеп жоқ», - деді Серікқали Брекешев.

«Үш сұрақ» бағдарламасында С.Брекешев, сондай-ақ киіктер популяциясын реттеу туралы сұраққа жауап берген болатын.


Соңғы жаңалықтар