Агросекторды сауықтырудың және Цеснабанк орнықтылығын көтерудің тетігі бекітілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада ҚР Үкіметі мен ҚР Ұлттық Банкінің Бірлескен мәлімдемесінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді және бүкіл аграрлық секторды қолдауды көздейтін іс-шаралар пакеті ұсынылды. Осы жұмыстар аясында 2018 жылғы 19 қыркүйекте ҚР Үкіметі мен ҚР Ұлттық Банкі «Цеснабанк» АҚ-нан 450 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы несиелерінің портфелін сатып алу тетігін бекітті.

Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Таяу күндері ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін ахуалды жақсартуға, сондай-ақ несие портфелінің сапасын түбегейлі жақсарту есебінен «Цеснабанк» АҚ-ның орнықтылығын арттыруға мүмкіндік беретін тетік іске асырылатын болады.

«Цеснабанк» АҚ «ҚазАгро Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ бірлесіп ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге берілген валюталық несиелерді несиелендіру мерзімдерін ұзарта отырып, теңгелік несиеге айырбастау тетігін бекітті. Бұл агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарының қарыздық жүктемесін және сыртқы факторлардың әсерінен болатын бағамдық ауытқуларға тәуелділікті азайтады.

Қолға алынып жатқан іс-шаралар аясында мемлекет елдің аграрлық секторын қолдауды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді несиелендіру саласында жетекші орын алып отырған және елдің қаржылық секторы үшін жүйелі маңызға ие «Цеснабанк» АҚ орнықтылығын қамтамасыз етті.

Ауылшаруашылық кредиттері портфелінің бөлігін өтеп алу бойынша мәміле нәтижесінде, жақын арада «Цеснабанк» АҚ 450 млрд. теңге алады деп күтілуде, бұл оның қосымша тұрақтылығын және өтімділік көрсеткіштерін қамтамасыз етеді. "Цеснабанк" АҚ «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-пен бірлесіп, бұрын берілген валюталық кредиттерді теңгелік кредиттерге қайта қаржыландырады және мерзімін ұзартады. Аталған шаралар мемлекеттің агроөнеркәсіп кешенін сауықтыруға, сондай-ақ Цеснабанктің тұрақты қызметіне деген мүдделілігін растайды.

"Цеснабанк" АҚ дәстүр бойынша ауылшаруашылық саласында маңызды рөл атқарады және кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалардың белсенді қатысушысы. Банктің АӨК-ті сауықтыруға бағытталған "Агробизнес-2020" бағдарламасына қатысу үлесі 65%-дан асады.

"Цеснабанк" АҚ Басқарма Төрағасы Ульф Вокурка осыған байланысты пікірін білдірді.

"Экономикасының негізін ауыл шаруашылығы құрайтын Орталық және Солтүстік аймақтарда Цеснабанк бұрыннан  көшбасшылық дәрежеге ие. Банк қашанда отандық агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындары үшін сенімді қаржылық серіктес болған және солай болып қала бермек. Біз Қазақстан Республикасы Үкіметінің, ҚР Ұлттық Банкінің, «ҚазАгро» холдингінің шараларын толық қолдаймыз. Бұл агросектордың дамуына жаңа серпін беретін уақытылы қабылданған шешім. Өз кезегінде, Цеснабанк акционерлері қысқа мерзім ішінде банктің капиталын толықтыру бойынша міндеттемелерді қабылдады. Осындай позитивті жаңалық клиенттеріміздің және серіктестеріміздің сенімін арттыратынына сенімдімін", - деді ол сөзінде.

Соңғы жаңалықтар