Агросала экономикалық тұрғыдан тиімсіз деген көзқарас санада берік орнағаны рас - Абдалы Нұралиев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы экономикалық тұрғыдан тиімсіз деген көзқарас, көпшілігіміздің санамызға берік орныққан. ҚР Президентінің Жолдауына қатысты пікір білдірген Сенат депутаты Абдалы Нұралиев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әрине, әр Жолдаудың өз жүгі, өз жауапкершілігі, мән-маңызы болады. Шын мәнінде Жолдау – ел дамуына серпін береді. Ел дамуындағы басым бағыттарды айқындайды. Міне, Президент Қасым-Жомарт ТоқаевтыңҚазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауы елдің әл-ауқатын, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталып отырғандығы белгілі.

Біздің халқымыздың 43 пайызы ауыл тұрғындары болса, жер көлемі жағынан еліміз әлемде тоғызыншы орында тұр. Енді байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер дегенді ескерсек, басты мақсат – ауыл тұрғындарын нәтижелі еңбекпен қамтамасыз ету, жерді ұтымды пайдалануға қол жеткізу болуы керек.

Президент өз Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай,бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екенін бұл жолы да нықтап айтты. «Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында» деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шынында, қазір шаруа қожалықтарының саны көп болғанымен, сапасы жоқ, тіпті, көбісінің аты бар да заты жоқ екенін жасырып қайтеміз. Қараңыз, мұндай ұсақ шаруашылықтар ешқашан да жаңа техника алуға, қаржылық жеңілдіктер, жанар-жағармай, тыңайтқыштар, пестицидтер, қосалқы бөлшектер алуға қол жеткізе алмайды. Шаруашылық басшысы барлық жұмысты өзі атқаруға мәжбүр. Ауыспалы егіс сияқты агротехнологияларды сақтай алмайды және қолы қысқа болғандықтан ештеңені жоспарлауға мүмкіндігі жоқ. Өндірісті әртараптандыруға байланысты жұмыстар жүргізілмейді. Ал, кооперация құрудың артықшылығы мынадай: мұнда арнаулы маман кооператив мүшелерінің ерекшеліктерін ескере отырып бухгалтерлік есеп жүргізеді және кооперативтің ортақ несие, басқа да көмектер алуға мүмкіндігі мол. Кооператив ішінде фермерлерді белгілі бір іске мамандандыруға болады. Қажетті затты бірлесіп арзан бағамен алуға, жергілікті жағдайды ескере отырып перспективті бағдарламалар жасауға мүмкіндік туады. Ауыспалы егісті енгізу және заманауи техникаларды пайдалану мүмкіндігі де артады. Ең бастысы – ортақ табыс әркімнің үлесіне қарай бөлінеді және кооператив ішінде оңашаланған жеке меншік сақталады. Ерікті түрде әркім өз пайымен қалаған кезде кооперативтен шыға алады.

Әрине, кооперация құру оп-оңай, ол құрылғаннан кейін тірлік бірден алға басып кетеді екен ғой деп ойлау да қателік. Ауылшарушылығы тауар өндеушілер аянбай еңбек етумен қатар, алдын-ала жоспарлауды, қолға алған тірлігін бір сәтке сараптап, болашағының баянды боларына көз жеткізуі керек, содан пайда табарына сенімді болуды үйрену қажет. Шын мәнінде, дамыған мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамуымен және экономикалық өсумен айналысады. Міне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз Жолдауында «субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет» деген тапсырмасы бұл іске серпін береді деп ойлаймын.

Жер – таусылмас қазына, байлық. Десек те, көпшілік азаматтарымыз жер игеріп, өнім өндіруде шарасыздық танытып жүргені әрине, өкінішті. Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығы экономикалық тұрғыдан тиімсіз деген көзқарас, көпшілігіміздің санамызға берік орныққан. Әйтсе де, мемлекет соңғы жылдары бұл салаға үлкен қолдау көрсетіп келеді. Тек «алма піс, аузыма түс» деп армандап жүре бермей, үлкен істерге талпыну қажет. Шын ниетімен еңбек еткенге Жер-Ананың төсі иіп тұр емес пе?!

Яғни, Президент қай буынды да белсенді, қайратты болуға, шаруаға бейім, уақыттың талабына сай іскер болуға үндеп отыр. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауы тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуі мен оның халқының бақытты, бейбіт өмір сүруінің кепілі болады деп сенеміз.


Соңғы жаңалықтар