Агросала бір жылда 53,8 млрд теңге жеңілдетілген несие алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 60 млрд теңгеге жуық несие беруді жоспарлап отыр. Оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына 27,5 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Игілік», «Ынтымақ», «Кәсіпкер», «Бірлік» және «Егінжай» несие өнімдері, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында - «Ырыс» және «Сыбаға» несиелік бағдарламалары қаржыландырылады.

«Қазіргі уақытта қордың облыс орталықтарындағы, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей қалаларында жұмыс істейтін барлық филиалдарда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында өтінімдер қабылдап, несие беріп жатыр. Бағдарлама бойынша несиелер түрлі мақсаттарға жылдық 6% сыйақы мөлшерлемесімен беріледі, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7% аспайды. Қор өзінің несиелік өнімдерінің көмегімен ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жобаларын түрлі мақсатты бағыттар бойынша қаржыландырады. Мысалы, «Игілік» бағдарламасы бойынша ірі қара мал, ұсақ мал, жылқы, түйе, құстар, бал араларын сатып алу қарастырылған болса, «Бірлік» бағдарламасы бойынша сүт қабылдау пункттеріне арналған жабдықтар сатып алынады. «Кәсіпкер» ауылдағы барлық бизнес түрлерін дамытуға бағытталған», - дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарма төрағасы Жандар Омаров.

Мәлім етілгендей, қор жылына 10 мыңнан астам кәсіпкерді қаржыландырады. Соның 80% жуығы стартап-жобалар.

«Қор шағын несие беруді бастағаннан бері ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 280 млрд теңгеге жуық қаржы бердік. Бұл 150 мың несие деген сөз. Негізінен бұлар шағын бизнеске берілді. Яғни, жеке қосалқы шаруашылықтар мен фермерлік қожалықтар. Банк секторымен салыстыратын болсақ, бұл сегментте қор көшбасшы деп айта аламыз. Мысалы, статистика бойынша екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы саласына 490 млрд теңге бағыттаған болса, соның тек 14,7 млрд теңгесі жеке тұлғаларға берілген. Ал Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бір жылдың ішінде 53,8 млрд теңгенің несиесін берген. Сондай-ақ, қордың шарттары несие алушылар үшін өте қолайлы. Біздің бағдарламалар бойынша жылдық орташа сыйақы ставкасы 6%. Ал, банктерде 10-16%», - дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Несиелендіру департаментінің директоры Геррард Бааль.

Ауыл тұрғындары барлық туындаған мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту орталығы, Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы, облыс орталығында орналасқан қор филиалы қызметкерлерінен кеңес ала алады. Сонымен қатар, сұрақтар бойынша 8 800 080 35 05 нөмірінде тікелей желі жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар