Агроөнеркәсіптік өнімдердің транзиті мен тасымалына шектеу қойылмайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Агроөнеркәсіптік өнімдердің транзиті мен тасымалына шектеу қойылмайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік тарапынан әлеуметтік азық-түліктердің жеткілікті мөлшерде болуына мониторинг жүргізілуде. Жағдай бірқалыпты. Елімізде бүгінгі күні әлеуметтік тауарлар көлемі жеткілікті. Оның барлығы қазіргі кезде министрлікпен, Сауда министрлігімен, әкімдіктермен қатаң бақылауға алынды», - деді ол.

Министрдің айтуынша, ветеринарлық және фитосанитарлық қызметтер барлық сауда орнында штаттық режімде жұмыс істеп жатыр.

«Коронавирусқа қарсы агроөнеркәсіптік өнімдердің транзиті мен тасымалына қосымша шектеулер бүгінгі күні қойылмайды. Еуразиялық одақ және үшінші елдердің көліктерінің барлық түріне өнеркәсіп өнімдерін тасымалдауға рұқсат берілген. Бірақ, үшінші елдер мен Еуразиялық одақ шекарасындағы ветеринарлық және фитосанитарлық бекеттерде бақылау күшейтілген. Бүгінгі күні еліміздің шекарасында 119 бекет бар. Оның 64-і Ресеймен, 55-і Қырғызстанмен, 50-і Түрікменстанмен және Өзбекстанмен шекарада», - деді Сапархан Омаров.


Соңғы жаңалықтар