Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау 2016 жылы 176 млрд. теңгені құрайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау 2016 жылы 176 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл туралы Парламент Сенатында «ЕАЭО және ДСҰ жағдайында отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру - заңнамалық реттеу және іс жүзіне асыру» атты парламенттік тыңдау барысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай мәлім етті.

Министрдің айтуынша, «Агробизнес-2020» бағдарламасына сәйкес 2011 жылдан бастап агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау 68,1 млрд. теңгеден 2016 жылы 176 млрд. теңгеге немесе 2,6 есеге өсті. Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдар бюджетіне берілген агроөнеркәсіптік кешенге арналған шығыстар үлесінің айтарлықтай ұлғайған. Мәселен, бұл 2011 жылғы 32 млрд. теңгеден 2016 жылы 153 млрд.теңгеге немесе 4,7есеге артты.

«Мемлекеттік қолдаудың жаңа құралдары енгізілуде, тиімді субсидия түрлерінің нормативтері жоғарылап, тиімсіз нормативтер төмендеуде. Бұл, әсіресе, Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі кезінде Қазақстан өзіне бірқатар міндеттемелер, оның ішінде ауыл шаруашылығы бойынша міндеттемелер алған қазіргі уақытта аса қажет. Сонымен бірге, Қазақстан ДСҰ кірген кезде ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 8,5%-ы деңгейіндегі тікелей инвестициялар түрінде ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын қолдану бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Салыстыра кетсек, Дүниежүзілік сауда ұйымына жуырда кірген Ресей, Украина, Қырғызстан, Молдова, Хорватия, Грузия елдері ауыл шаруашылығын 5 % шегінде субсидиялайтын болады. Бұл ретте, «жасыл себет» шеңберіндегі мемлекеттік қолдау көлемін қандай да бір шектеулерсіз беруге болады. Яғни, аграрлық сақтандыруды қолдауға, ғылымға, консалтингке, ветеринарияға, фитосанитарияға, инфрақұрылымдық жобаларға, әлеуметтік қамтамасыз етуге және өнімнің түпкілікті құнына әсер етпейтін өзге де шараларға арналған шығыстар мүлдем лимиттелмегенін атап өткен жөн», - деді А. Мамытбеков.

Соңғы жаңалықтар