Агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобалар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экспортты әртараптандыруға бағытталған

None
None
ыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Әлем халықтары санының өсуіне байланысты  агроөнеркәсіптік кешеннің жұмысын қарқынды түрде дамытып, сұранысқа сәйкес экспорттық әлеуетті арттыру бүгінде барлық елдердің алдында стратегиялық мақсат ретінде қарастырылуда.

Аграрлы ел болғандықтан, біздің мемлекет те бұл салаға айрықша мән беріп келеді. ҚазАқпарат тілшісі Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевпен  осы салада атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде сұхбаттасқан еді.

 -Арман Қайратұлы, бүгінде еліміздің ауыл шаруашылығында астық экспортының әлеуеті жоғары. Осы орайда, шикізаттың экспортынан терең өңделген өнім экпортына ауысу мәселесі тұрғысында, сондай-ақ астық өндірісін дамытуда қандай шаралар атқарылуда?

-Бұл бағытта соңғы жылдары біраз шаралар атқарылды. Соның ең негізгілерінің бірі ретінде 2006 жылдың қыркүйек айында Солтүстік Қазақстан облысындағы Тайынша қаласында іске қосылған, өндірістік қуаттылығы жылына 57 мың тонна биоэтанол өндіретін «Компания Биохим» АҚ өндірістік кешенін айтуға болады. «Компания Биохим» АҚ-да астықты терең өңдеу арқылы ұн, бидай кебектері, дән қалдықтары,  биоэтанол секілді терең өңделген дайын өнімдер шығара бастады. Осының арқасында «Компания Биохим» акционерлік қоғамы 2008 жылы Ресейге және Батыс Еуропа елдеріне 3 927,80 тонна дайын өнім экспорттады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы желтоқсанның 23-інде № 1215 қаулысымен бекітілген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2009 - 2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында экспорттық мөлшерді орындау үшін агроөнеркәсіптік кешенінің сапалы бәсекеге қабілетті өнімдерін өндіру мақсатында 2013 жылы 330 мың тонна астықты тереңдетіп қайта өңдейтін зауыт салу жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ экспортқа негізделген астықтың терең өңделген өнімдерін  дамыту мақсатында тиісті жоспарларды дайындауда.

   -Ет және сүт өнімдерінің өндірісінде отандық мөлшердің үлесін арттыру мақсатында қандай мәселелер ескеріліп отыр?

   -Мемлекеттік сатып алуда қазақстандық құрамның үлесін арттыру, сонымен қатар отандық өндірушілердің дайын өнімдерін нарыққа тұрақты өткізу мақсатында ҚР Үкіметінің 2009 жылғы мамырдың 22-сіндегі №756 «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы  желтоқсанның 29-ындағы № 1353 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулысы қабылданды. Бұндағы біздің басты мақсатымыз отандық тамақ өнімдерін қазақстандық тұтынушыларға қайта бағыттауды көздеп отыр. 

Осыған орай, мемлекет алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибелері негізінде әлеуметтік-профилактикалық және сауықтыру бағдарламаларын іске асыруды бастау қажет екенін ескеруде. Оның ішінде «мектептік сүт», «балалар тағамы» және басқа да бастамалар бар.  Біріншіден, бұл біздің жас ұрпақтың денсаулығын қамқорлыққа алуға, ал екіншіден, отандық өнімдерді нарыққа тұрақты енгізуге және кепілді түрде іске асыру арқылы қайта өңдейтін кәсіпорындардың айналым қаражаттарын толықтыруға мүмкіндік береді. Мысалы, алдын ала жасалған есептердің ең төменгі мөлшері бойынша мектептер, ауруханалар, түзету мекемелері, ірі өндіріс компаниялары жыл сайын 150 мың тонна нан өнімдерін, 85,0 мың тонна картоп, 18,0 мың тонна қант, 59 мың тонна ет, 3 мың тонна балық, сондай-ақ 318 мың тонна сүт өнімдерін, 11 мың тонна өсімдік майы және 27 мың тонна көкөніс бақша дақылдарын тұтынады. Бұл ақшалай негізде 96,3 млрд тенгені құрайды.

   -Қазіргі таңда жеңіл өнеркәсіпті, яғни тоқыма саласын жетілдірудегі бастамаға да назар аударылып отыр. Осы ретте биязы жүн өндірісін дамытуға байланысты жобалар бар ма?

 -Еліміздегі мал шаруашылығының бірден-бір негізгі саласы - қой шаруашылығы. Осыған орай, елімізде жүн және басқа да тереңдетіліп қайта өңделген өнімдер өндірісін, сонымен бірге оның экспортын дамыту мақсатындағы жоспарлар әзірленуде.

Алайда сыртқы және ішкі рыноктағы конъюктураның өзгеруі нәтижесінде, сонымен қатар экономикалық сипаттардың түрлі себептеріне байланысты елімізде биязы жүнді қой басының саны, сондай-ақ биязы жүн өндірісінің көлемі  төмен түсіп кетті. Мұның негізгі себептерінің біріне қой етіне деген сұраныстың өсуін жатқызуға болады. Бұған биязы жүнге  қарағанда, қой етін өндіру  тиімділігі де  өз ықпалын тигізіп отыр. Қазір республикада етті-майлы бағыттағы қой шаруашылығы дами бастады.

Соңғы жылдары биязы жүннің өндірісі 7,4 - 7,8 мың тонна шегінде немесе бұл көрсеткіш еліміздегі қой жүні өндірісінің жалпы көлеміндегі 22 - 25 пайызын  құрайды.

Айта кететін жайт, жайылымға бай және табиғи-климаттық жағдайы қолайлы республикада қой шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ биязы жүн өндірісін жетілдіруге жақсы негіз бар. Атап айтсақ, бүгінде биязы жүнді қойдың санын арттыру мен отандық биязы жүн өндірісінің әлеуетін дамыту қажеттілігі туындап отыр. Бұл өз кезегінде республикадағы тоқыма өнеркәсібін және жеңіл кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуге ықпал етіп, биязы жүнді экспорттау көлемі мен өнімнің тереңдетіліп қайта өңделуінің деңгейін арттырады. Осы бағыттың маңыздылығын ескере отырып, еліміздің Үкіметінің қолдауымен Ауыл шаруашылығы министрлігі  мен жергілікті атқаруашы органдар ел аумағында биязы жүнді қой шаруашылығының дамуы бойынша кешенді шараларды қабылдауда.

Биязы жүнді қойлардың тұқымын жақсарту мақсатында, яғни отандық селекциядағы  биязы жүнді қой тұқымында жүннің технологиялық сапасын жақсартуда австралиялық меринос қошқарлар пайдаланылады. Мысалы, 2005 жылы Алматы облысындағы «Алрун» ЖШС -нің асыл тұқымды зауытына 219 бас австралиялық меринос қошқарлар жеткізілді.

Отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау және биязы жүн өндіруді ынталандыруда биылғы жылдан бастап қазақтың биязы жүнді қойының, оңтүстік-қазақ мериносы, солтүстік қазақ мериносы, қазақ арқар-мериносы және австралиялық мериносының жүнін өндіруді субсидиялау шаралары жүзеге асуда. Субсидия ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге биязы жүнді өндірудегі шығынның 45 пайызын өтейді. 2009 жылы 088 бағдарламасы бойынша «Облыстар бюджеттеріне және Астана мен Алматы қалалары бюджеттеріне мал шаруашылығының өнімділігі мен өнімінің сапасын арттыруды субсидиялауға ағымдағы нысаналы трансферттер» аясында биязы жүнді өндіруге субсидиялауда республикалық бюджеттен 150,0 млн. тенге қаражат бөлінді. Яғни, қой шаруашылығын дамытудағы мемелекеттік қолдау жергілікті бюджеттен де жүзеге асырылады.

Сонымен бірге республикада   биязы жүн өндіру бағытындағы 400-ден астам қой шаруашылықтарын құру жоспарлануда.  Бұл саланың инфрақұрылымын кеңейтіп, 600 жаңа жұмыс орнын құру қарастырылып отыр.

  -Енді еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі инвестициялық жобаларды іріктеу мен оларды жүзеге асыру мәселесіне тоқталып өтсеңіз?

-Қазіргі таңда республикамыздың агроөнеркәсіптік кешенінің бірқатар бағыттары бойынша инвестициялық жобаларға қаржы бөлінуде. Онда сүт өндеу, құс фабрикаларын, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру мен дамыту, ауыл шаруашылығы техникаларын жинау өндірістерін құру, ет өңдеу өндірісін дамыту, биязы жүнді қайта өндеу, сондай-ақ қазақстандық астық экспортының инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары қамтылған.

Жоғарыда аталған бағыттарға сәйкес республикамызда 100- ден астам инвестициялық жобалар әзірленуде. Олардың жалпы құны 87,9 млрд. теңгені құрайды.

2009 жылы жалпы алғанда 66 инвестициялық жобаны қолданысқа беру жоспарлануда. Ондағы 58 жоба «ҚазАгро»  қаражысының есебінен, 1-і  Ұлттық қор қаражаты есебінен, 7 жоба кәсіпкерлердің өз қаржысымен және басқа да қаржы көздерімен іске асырылады (екінші деңгейлі банктар, жергілікті бюджет, т.б.). Бұл инвестициялық жобалар қолданысқа берілген жағдайда 3 мыңнан астам жұмыс орындары құрылады.

2010 жылы 34 инвестициялық жобаны іске қосу қарастырылып отыр. Оның ішінде 5 жоба «ҚазАгро» АҚ-ның есебінен, 19-ы Ұлттық қор қаржысына, 10 жоба кәсіпкерлердің, сондай-ақ басқа да қаржы көздерінің есебінен жүзеге асырылмақ. Бұл инвестициялық жобалар іске қосылса 2,5 мың жұмыс орындары жасақталады

Мұнымен қоса, Ауыл шаруашылығы министрлігімен Қазақстанның 2014 жылға дейінгі  индустриялы-инновациялық бағдарламасының аясында әзірленіп жатқан еліміздің индустрияландыру Картасына енгізілген АӨК саласы бойынша әрқайсының құны 5 млн. АҚШ долларынан асатын 33 ірі инвестициялық жобаның мониторингі жүргізілуде. Жобаларды қолданысқа беру мерзімдері 2009-2011 жылдарға жоспарланған.

Түйіндеп айтсақ, агроөнеркәсіптік кешен саласы бойынша әзірленіп жатқан инвестициялық жобалардың басты мақсаты - азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспортты әртараптандыру.

Соңғы жаңалықтар