Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау жүйесін реформалау аяқталды - АШМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау жүйесін реформалау аяқталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенінің жобасында министрлікке 31 іс-шараның орындалуы бекітілді. Оның ішінде 10 жедел және 21 орта мерзімді іс-шаралар көзделген. 31 іс-шараның 24-і өнімнің өндіру көлемін ұлғайтуға, 4-еуі тауарларды сақтауға, 3-еуі жүйелі іс-шараларға бағытталған. 14 іс-шара бойынша министрлік қосалқы орындаушы саналады. Барлық жедел іс-шаралар бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деді министр.

Оның дерегінше, осы жылдың басынан бері маусымаралық кезеңде сату үшін күзгі және ерте пісетін көкөністерді форвардтық сатып алу бөлігінде тұрақтандыру қорларының жұмысы қайта форматталды. Қайта өңдеу кәсіпорындары үшін шикізатты сатып алуға айналым қаражатын беру енгізілуде. Тиісті АШМ бұйрығының жобасы жария талқылау үшін орналастырылды және қауымдастықтарға жіберілді.

«Бұдан бөлек, мемлекеттік қолдау мен арзандатылған бидай өткізу тетіктері арқылы қаржыландыру пысықталуда. Шағын және орта шаруашылықтарға субсидиялардың ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және субсидия алушылар үшін қарсы міндеттемелерді енгізуге бағытталған АӨК-ті субсидиялау жүйесін реформалау аяқталды. Жаңа субсидиялау қағидаларының жобаларын келісу аяқталу сатысында. Ерте пісетін көкөністердің егіс алқаптарын ұлғайтуға келетін болсақ, биылғы жылы жұмыстар жүргізілді. Мәселен жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша егіс алқаптарының құрылымы қалыптастырылды. Онда ерте пісетін картоптың ауданы 10,6 мың гектарға дейін, қырыққабат 8,3 мың гектарға дейін, сәбіз 2,2 мың гектарға дейін, пияз 3,3 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Осыған орай, аталған іс-шара Ұлттық экономика министрлігімен пысықталатын болады», - деді Ербол Қарашөкеев.


Соңғы жаңалықтар