Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасын қайта қарау керек - Сенат төрағасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкіметтің іс-қимыл жоспарының негізгі ережелерін Парламенттің, өңірлердің, экономика салалары мен қоғам өкілдерінің қатысуымен талқылау қажет. Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Негізгі басымдықтарды Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Мәлімдемесінде анық айқындап берді. Үкіметке және Ұлттық банкке неғұрлым көп зардап шеккен салаларды қолдауды қамтитын Экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспарды 11 мамырға дейін дайындау тапсырылды. Бүгінгі жағдайда, экономиканың барлық салалары мен халық мемлекеттің қолдауына мұқтаж. Әлемдік экономикадағы келеңсіз ахуал мен ресурстардың шектеулі болуын ескеретін болсақ, әртүрлі сценарийлер мен болжамдарды қарастырып, нақты мүмкіндіктер мен резервтерге баға беруіміз қажет», - деді Д. Назарбаева Сенаттың жалпы отырысында.

Оның пайымынша, Үкіметтің іс-қимыл жоспарының негізі ережелерін Парламенттің, өңірлердің, экономика салалары мен қоғам өкілдерінің қатысуымен талқылау қажет. Бұл талқылаусыз қабылданған құжат болмауы керек. Бұл мәселелер бүкіл қоғамды толғандырады.

«Агроөнеркәсіп кешенін дамыту стратегиясына ерекше көңіл бөлу қажет. Атап айтқанда, жер жыртып, мал өсіріп отырған ірі, орта және шағын бизнес азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Жыл басында өткен парламенттік тыңдауда агроөнеркәсіп секторына жасалған талдау осы салада проблеманың көп екенін көрсетті. Бұрынғы проблемаларға енді төтенше жағдай кезіндегілер қосылды. Бұл Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қайта қарау керек екеніне тағы да көзімізді жеткізіп отыр. Осы ауыл шаруашылығы мен химия, жеңіл өнеркәсіптен бастап саудаға дейінгі оған қатысты индустриялар, ел экономикасын қалпына келтіріп, өсуге негіз болуға қабілетті», - деді Сенат төрағасы.

«Бүкіл әлем көптеген елдерде аштықтың орын алу ықтималдығы жоғары екенін талқылап жатқанда, біз жиналған өнімдермен не істерімізді білмей отырмыз. Бұл жағдайды мәслихаттар мен тексеру комиссиялары қатаң бақылауға алу қажет деп есептеймін. Мәслихат депутаттарына өтініш – барлық мемлекеттік және жеке сақтау орындары мен қоймаларының толымдылығына инвентаризация жүргізу қажет. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация арқылы бос алаңдарды жалға алып, ерте пісетін көкөністерді сол жерге жинап, кейін сауда нүктелеріне таратуға болады», - деп атап өтті Д. Назарбаева.

Сенат төрағасының айтуынша, облыстар бойынша астық өнімдері мен оны сатып алу бағасының болжамдарын тағы бір рет бағалау қажет. Бұл мәселемен дәл қазір айналысу керек, өйткені, астық жинайтын кезде бұған уақыт болмайды.

«Фермерлердің еңбегін зая кетіруге біздің құқығымыз жоқ. Оларға мемлекеттің көмегі қажет, оны осы айдың тәжірибесі көрсетті. Көмекті ішкі нарық қажеттілігіне, сондай-ақ қайта өңдеу мен экспорт мүмкіндіктеріне қарай көрсету керек», - деді Дариға Назарбаева.


Соңғы жаңалықтар