«Агробизнес - 2020» бағдарламасы аясында салынған нысандар қаңырап бос тұр - Есеп комитеті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті "Агробизнес - 2020" бағдарламасына мемлекеттік аудит жүргізіп, көптеген кемшіліктерді анықтады.

Бағдарлама аясында тиімсіз игерілген қаржының көлемі де аз емес, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Біз аталған бағдарламаның алғашқы кезеңіне аудит жүргізіп, бюджеттен бөлінген 135,7 млрд. теңгенің тиімділігін тексердік. Аудит кезінде 21,5 млрд. теңгенің қаржылық заң бұзушылықтары анықталды. Бағдарлама аясында 53 млрд. теңге тиімсіз игерілді. 75 көрсеткіштің ішінде 44 мақсат-міндеттер орындалған жоқ. Ондай жағдайға не себеп болды? Біріншіден, ол бағдарламаны сапасыз даярлаған. Оның негізгі мақсаты "агроөнеркәсіп субьектілері арасындағы бәсекелестікті күшейту" деп көрсетілген. Алайда жұмысты бағалайтын индикаторлар субсидиялардың көлемімен өлшеніп отыр. Осылайша, бағдарламаға бөлінген 1,1 трлн. теңгенің басым бөлігі субсидияларға жұмсалды. Соның салдарынан агроөнеркәсіп саласын дамыту шаралары тұралап қалды", - дейді Есеп комитетінің мүшесі Константин Плотников.

Оның айтуынша, бүгінде бағдарлама аясында салынған нысандар қаңырап бос тұр. Мәселен, жалпы ауданы 19,6 шаршы метрді құрайтын 75 жаңа ветеринарлық зертxаналардың екінші қабаттары бос тұр. Оған 4,4 млрд. теңге жұмсалды. Алайда аталған құрылыстарда үш жылдан бері ешкім жұмыс істемейді. Бұдан бөлек, 883 млн. теңге жаратылуы тиіс 12 зертxананың құрылысы тоқтатылды. Сондай-ақ, тағы 89 зертxананың ғимараттарын әлі пайдаланып жатқан жоқ.

Ауыл шаруашығы министрлігі бағдарламаға қатысқан кәсіпкерлердің санын да білмейді. Осы уақытқа дейін жұмсалған қыруар қаражаттың мониторингін бірде-бір мемлекеттік орган жүргізбейді. Қаржыны тиімді игеру жұмысын ешкім бақыламайды.

Айта кетейік, осыдан екі апта бұрын Есеп комитеті "Бизнестің жол картасы - 2020" мемлекеттік бағдарламасына жасаған аудиттің қорытындысын жариялаған болатын. Бағдарламаның негізгі мақсаты шағын және орта бизнес субьектілерін арттыру болғанмен соңғы жылдары аталған көрсеткіш көп өзгерген жоқ."2014 жылы орта санаттағы кәсіпкерлердің саны 2010 жылмен салыстырғанда, екі есеге азайған. 2015 жылы олардың саны тек 2005-2006 жылдардағы көрсеткішпен теңесті. Ал шаруа қожалықтары мен фермерлердің саны соңғы он жылда мүлем өзгерген жоқ", - дейді комитет мүшесі Айгүл Мұxамедкәрім.
Ал бағдарлама үйлестірушісі - "Даму" қоры миллиардтаған қаржыны банк депозиттерінде ұстап келеді.

Соңғы жаңалықтар