Аграрлық мамандықтар бойынша бітірген түлектердің тек 68% ғана жұмысқа орналасады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аграрлық секторда 2 500-ден астам маман жетіспейді. Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында сенатор Әли Бектаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Экономикадағы қай саланың болмасын дамуы кадрларға, соның ішінде әр бағыт бойынша жұмыс жасайтын мамандарға тікелей байланысты. Аграрлық сектордың қарқынды дамуы да сала мамандарының қолында екендігі белгілі. Өкінішке қарай, мыңдаған түлек арнаулы оқу орындарын бітіріп жатқанымен, ауыл шаруашылығының білімді және білікті мамандармен қамтылуы әлі де төмен, қабылданған шаралар мардымсыз», - деп тоқталды сенатор.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда ауылдағы мамандардың орта жасы 50-ден асқан, ал ветеринарлар бойынша 58-60 жасты құрайды. Аграрлық секторда 2 500-ден астам маман жетіспейді. Жыл сайын оқу бітірген 5 000-ға жуық түлектің басым көпшілігі ауылға бармай, өз мамандығына сай келмейтін түрлі жұмыстарда жүр, болмаса жұмыссыз.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, аграрлық мамандықтар бойынша бітірген түлектердің тек 68% ғана жұмысқа орналасады екен, яғни жыл сайын мемлекет есебінен оқытылған 670-тен астам түлек жұмыссыз қалады.

«Ауыл шаруашылығы мамандықтарын жастардың көпшілігі әйтеуір бір диплом алу үшін таңдайтын сияқты. Сараптамалар көрсеткендей, аграрлық жоғары оқу орындарындағы студенттердің 40%-ға жуығы қалалықтар, ал 70%-дан астамы қыздар. Қала балалары мен қыздардың мәртебесін төмендеткіміз келмейді. Бірақ ертең олардың басым бөлігі егіс алқаптарында жүріп, егін егуге, мал бағуға бармайтыны айдан анық. Оның үстіне, ауылдағы мамандардың жалақысы мардымсыз, әлеуметтік проблемалары көп», - деді Бектаев.

Оның пайымынша, ауыл шаруашылығы мамандықтарының гранттарын бөлу де дұрыс жолға қойылмаған. Аграрлық университеттер ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты болғанымен, оларға мемлекеттік тапсырысты ҚР Білім және ғылым министрлігі бөледі. Гранттарды бөлу кезінде мамандарға қажеттілік, оқу орындардың материалдық базасы, педагогтардың біліктілігі ескерілмейді. Мысалы, аграрлық мамандықтар бойынша 2018-2019 оқу жылына қарастырылған 2077 мемлекеттік гранттың жартысына жуығы негізінен гуманитарлық, құрылыс, байланыс, техникалық жоғары оқу орындарына бөлінген.

Әли Бектаевтың атап өтуінше, аграрлық мамандықтарды мемлекеттік тапсырыс арқылы қазақстандық жоғары оқу орындарына орналастыру, мемлекеттік гранттарды бөлу құқығын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру керек.

«Еліміздегі аграрлық секторға мамандар дайындайтын барлық жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының материалдық базасын, ондағы оқыту құрал-жабдықтарының жағдайын терең сараптамадан өткізіп, заманауи құрылғылармен қамтамасыз ету, ал студенттерді практикамен қамту үшін оқу орындарын ірі агрокомпанияларға бекіту қажет. Ауылшаруашылық мамандықтарына ауыл мектептерінің түлектерін көптеп қабылдау мақсатында оларға жеңілдіктер берудің қосымша шараларын қарастыру, ол үшін ауыл балаларына бөлінетін квотаның көлемін 50%-ға дейін жеткізу маңызды», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар