Аграрлық қолхаттар салаға 100 млрд теңге тартуға жол ашады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Электронды аграрлық қолхаттарды енгізу 2021 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенге 100 млрд теңге тартуға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін Әділет министрлігінде Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Мәжіліс депутаты Сергей Звольский мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, отырыс барысында «Аграрлық қолхаттар туралы» заң жобасы мен заңнамаға  ілеспе түзетулер қарастырылды.

«Несие алуға тосқауыл болатын негізгі проблемалардың бірі - ол АӨК субъектілерінің әлсіз әрі өнімділігі төмен кепілдік базасы. Әсіресе, бұл проблема шағын және орта бизнес үшін өзекті. Осыған байланысты жаңа тетікті енгізуді ұсынамыз, яғни электронды аграрлық қолхаттарды ескеріп отырмыз. Аталған қаржылық тетік саланы бюджеттен тыс қаржыландыру көлемін арттырып, кәсіпкерлерді қосымша қарыз алу көздерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аграрлық қолхаттар ауыл шаруашылығында кепілдік массасының жетіспеушілігі проблемасын шешуге бағытталған. Электронды аграрлық қолхаттарды енгізу электронды астық қолхатын іске қосу бағытындағы оңтайлы тәжірибе негізінде атқарылады», - деді С. Звольский.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасында  эмиссиялық емес борышқорлық бағалы қағаздар шығаруға фермерлердің құқығы қарастырылған. Бұл өз кезегінде фермерлерге өзінің өнімін алдын ала сатуға және арзан ақшаны тартуға жол ашады. Осы орайда бұл қадам қаржыны банктерден бөлек, басқа да көздерден тарту мүмкін береді.

Депутаттың атап өтуінше, электронды аграрлық қолхаттарды енгізу 2021 жылға қарай Қазақстанның ауал шаруашылығы саласына 100 млрд теңге шамасында қаржылай және тауарлық соманы тартуға жағдай жасайды.

Соңғы жаңалықтар