Агломерация халық саны 500 мыңнан асатын орталықтан тұрады - заң жобасы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Агломерация халық саны 500 мың адамнан асатын орталықтан және өзара күнделікті еңбек және өндірістік байланыстары бар қала маңындағы аймақтан тұратын болады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасы мен ілеспе құжатты талқылау кезінде депутат Зәкіржан Кузиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасы және оған ілеспе заң жобасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі тапсырмаларын орындау үшін әзірленді. Негізгі заң жобасы 14 баптан тұрады және мыналарды көздейді:

«Агломерация», «агломерация аумағы», «агломерация құрамы» сияқты негізгі ұғымдарды және елді мекендерді агломерацияға жатқызу өлшемшарттарын енгізу. Агломерация халық саны 500 мың адамнан асатын орталықтан және өзара күнделікті еңбек және өндірістік байланыстары бар қала маңындағы аймақтан тұратын болады», - деді З. Кузиев.

Сонымен қатар ол елімізде агломерацияларды басқарудың жаңа моделін енгізу ескерілгенін айтты. Бұл ретте өңірлік әрі республикалық деңгейлерде ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету және агломерацияларды дамыту мәселелерін шешу үшін Агломерациялар жөніндегі кеңестер құрылады. Сонымен қатар, заң жобасында бес жылдық кезеңге Агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу ұсынылады.

«Ілеспе заң жобасында Қазақстан Республикасының 2 кодексі мен 5 заңына өзгерістер енгізу көзделген. Осы орайда облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдарының қала құрылысын жоспарлау, көлік инфрақұрылымын жоспарлау, сәулет және құрылыс қызметі, бюджеттік процестерді іске асыру саласындағы өкілеттіктерін кеңейту қамтылған. Орталық қаланы да, оның қала маңындағы аймағын да дамытуға бағытталған агломерация жобаларын бірлесіп қаржыландыру бойынша бір деңгейдегі бюджеттердің өзара іс-қимылы ұсынылады. Бұл әлеуметтік объектілер, инфрақұрылымдық жобаларға қатысты», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасы мен ілспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасы қабылданғаннан кейін, тиісті өлшемшарттарға сәйкес «агломерациялар» ретінде Алматы, Астана, Шымкент, сондай-ақ басқа да облыс орталықтары айқындалатын болады


Соңғы жаңалықтар