Агенттік Су ресурстары комитетінің бұрынғы басшысына қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Су ресурстары комитетінің бұрынғы басшысы Ислам Әбішевке қатысты қылмыстық іс бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің салалары жемқорлық тәуекелдеріне айтарлықтай жақын. Өкінішке қарай, біздің тәжірибеде де аталған салалардың қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық фактілері анықталды. Өздеріңіз білетіндей, Су ресурстары комитетінде де айтарлықтай салмақты құқықбұзушылық анықталған болатын. Қазіргі уақытта аталмыш комитеттің төрағасы тергелуде. Пара алу фактісі бойынша қылмыстық іс аяқталуға жақын қалды. Сот бұл іске жақын арада нүкте қояды», - деді Олжас Бектенов Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде өткен алқа отырысында.

Айта кетсек, аталмыш отырыста Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен Олжас Бектенов министрлікте «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесін ашу туралы тиісті құжатқа қол қойды.

Еске сала кетсек, осы жылдың наурыз айында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің (сол тұста комитет АШМ-ге қараған) төрағасы Ислам Әбішев қамауға алынған болатын. Ислам Әбішевке жемқорлыққа қылмысына қатысты бірқатар айып тағылып отыр.



Соңғы жаңалықтар