Ағайынды Жұбановтар музейі: Шалғай ауыл құнды жәдігерлерді қалай сақтап отыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің Ембі қаласында ағайынды Жұбановтарға арналған музей бар. Мұнда Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанованың бұйымдары мен тұтынған заттары, Құдайберген Жұбановтың 1936 жылғы латып әліпбиі туралы баяндамасы сақтаулы тұр.

Жұбановтар музейіне жыл сайын 6 мыңға жуық адам барады. Мұнда 5 зал бар. Бірінші залға «Ақжарым алтын бесігім» атауы берілген. Мұнда қазақтың ұлттық бұйымдары қойылған. Ағаш үй, оның ішіндегі әшекей-бұйымдар, аң терісінен жасалған ыдыс-аяқтар қойылған. Алтын, күмістен жасалып, таспен көмкерілген әшекейлер мен ағайынды Жұбановтардың туған жері Жаңатұрмыс ауылы туралы дерек бар.

«Жаңатұрмыс ауылында Жұбановтардың ата-анасы, Құдайберген Жұбановтың баласы мен немересі жерленген. Сонымен қатар, Қуан Жұбановтың өзі қазып, сусындаған бұлағы бар. Бұлақ суын ауыл тұрғындары, жолаушылар әлі күнге дейін пайдаланып отыр. Құдайберген мен Ахметті өмірге әкелген анасы Бибішынар Ақтөбенің Шалқар өңірінде өмірге келген. Ол бала емізген кезде әндетіп отыратын болған. Кейінгі кезде Ахмет Жұбановқа музыкалық қабілет ана сүтінен дарыған деп айтылады. Ата-бабасы туралы айтар болсам, Әлім руынан тараған Батырбай жасы 40-қа келгенде балалы болды. Сол кезде халық «жылама, енді жұбан» деп баланың атын Жұбан қайған. Жұбан да кеш бала сүйіп, халқы Қуан деп атады», - деді қор сақтаушы Анархан Жәнібекова.
null 

Музейдегі екінші зал Ахмет Жұбановқа арналды. Қазақтың тұңғыш композиторы, Құрманғазы оркестрінің негізін салушы Ахмет Жұбанов пен лингвист-ғалым Құдайберген Жұбанов өз туған ауылында мұсылманша тіл сындырды. Кейін әкесі Қуан балаларының заманауи білім алғанын қалап, бір бөлмелі мектеп салды. Жаңатұрмыс ауылындағы мектепке білімді, сауатты ұстаз Абдолла Беркіновті шақырды. Бұл мектепте Жұбановтар әулетімен қатар ауыл балалары білім алды. Музейде Ахмет Жұбановтың шапаны, сахнаға киген фрагі, аяқ киімі, құжаттар салған папкасы тұпнұсқа күйінде сақтаулы.

Айта кетейік, Ахмет Жұбановтың 100 жылдың мерейторы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Сол кезде шығарылған кітаптар мен диск жинағы музейде сақтаулы тұр.

«Ахмет Жұбанов сол жылдары ауылға келген переселендердің аспаптарында ойнай білді. Домбыраны ауылдағы күйшіден үйренді. 1983 жылы музей ашылған кезде Ғазиза Жұбанова домбыраны сыйға тарту етті. Бұл біздің музейдің құнды жәдігері ретінде сақталды. Ал үшінші залды «Қайталанбас тұлға» деп атап, Құдайберген Жұбанов туралы деректер жинақталды. Араб, парсы, латын тілдерін білген ғалым мектеп бітірген соң бірден Ақтөбе оқу-ағарту бөлімінде жұмыс істеді. 1928 жылы Ленинград қаласына барып, білім алды. Алматыдағы қазақ педагогика институтында қызмет етіп, кафедра меңгерушісі болды. Тельжан Шонан, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллинмен жұмыс істеп, отбасын құрды.  Қазақ музыкасының күй жанры туралы еңбек жазып, сурет те салған. Музейде Құдайберген Жұбановтың латын әліпбиіне көшу туралы баяндамасы сақтаулы тұр. Өзге жеке ұстаған заттары жоқ. Балалары мен әйелі Раушан Оспанқызының суреттері мен ұстаған бұйымдары бар», - деді қор сақтаушы Анархан Жәнібекова.
null 

Музейдегі «Жыр жазамын жүрегіммен» атты зал Ғазиза Жұбановаға арналды. Симфония, балет, опера, киноға арналған әуендер жазған сазгердің күнделікті тұтынған жазба дәптері, көзілдірігі мен Алматы қаласындағы пәтер музейінен келген ыдыстары сақтаулы.

«Ғазиза Жұбанова тігінші де болған. Музейде өз қолымен тіккен, киген көйлегі музейде сақтаулы тұр. Тіпті көйлекке арналған омырау гүлдерін де өз қолымен жасап шыққан», - деді қор сақтаушы Анархан Жәнібекова.

Ембі қаласындағы ағайынды Жұбановтарға арналған музейде 13 қызметкер жұмыс істейді. Оның төртеуі Жұбановтарды насихаттаумен шұғылданады. Музей директоры Ұлболсын Мұхамбетованың айтуынша, музейге көбіне мектеп оқушылары барады.
null 

«Алматыға барып, пәтер музейіндегі бірқатар заттарды алып келдім. Қазір Ахмет Жұбанов бойтұмарындай ұстаған ағаштан жасалған жарқанат, ұлттық оюы бар ағаш және хаттары бар. Алматыға барған кезде консерватория студенттеріне сабақ өткіземіз. Өзім 17 жылдан бері осы саланы зерттеп жүрмін. Музыка саласында білім алдым, Ахмет Жұбановтың шәкірті Ахметжан Бағдәулетовтен дәріс алдым. Біз осы бағыттағы зерттеу жұмыстарын әрі қарай жалғастырамыз», - деді Ұлболсын Мұхамбетова.

Деректерге сүйенсек, 1983 жылы музей кәсіптік-техникалық училищесінің жатақханасынан ашылды. 1999 жылы музейге «Ағайынды Жұбановтар мемориалдық музейі» статусы берілді. 2008 жылы Ахмат Жұбановтың 100 жылдық мерейтойы өтіп, құнды жәдігерлер жаңа ғимаратқа көшірілді.

null null 

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар