Ағайынды жігіттер суға батқан жасөспірімді бір өлімнен құтқарды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында ағайынды екі жігіт жасөспірімді су түбінде ес-түссіз жатқан жерінен шығарып, аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне қарағанда, оқиға Қаражал елді мекенінде болған. 13-15 жастағы бір топ жеткіншек Қылыш су қоймасына шомылып жүрген. Кенет жасөспірімдердің бірі айналасынан көмек сұрап айғайлай бастайды. Көп ұзамай ол су астына батып кеткен.

«Балалардың айғайын ағайынды Қанат және Дәулет Әбсадыровтар естіп, батқан жеткіншекті су астынан іздей бастайды. Олар жағадан 2 метр жерде, 6 метр тереңдіктен суға батқан жасөспірімнің ес-түссіз денесін жағаға алып шыққан. Бұл кезде бала тыныс алуын тоқтатқан болатын. Ағайынды жігіттер оның жүрегіне массаж жасап, жасанды жолмен ауа үрлеп, баланың бетін бері қаратқан. Кейін оны құтқарушылар жедел жәрдемге салып жіберді», - делінген департаменттің баспасөз ақпаратында.

Қазір суға батқан жасөспірім ауруханада жатыр. Дәрігерлер жағдайын «қанағаттанарлық» деп бағалап отыр. Құтқарушылар ағайынды жігіттердің алғашқы медициналық көмекті сауатты көрсетуі баланың жанын алып қалғанын айтады. Мамандардың айтуынша, судан құтқарылған адам тыныс алуын тоқтатқан жағдайда 5-6 минут ішінде оны құтқарып қалуға болады.

Соңғы жаңалықтар