Ағайынды егіздер Ұлттық ұланда әскери борышын бірге өтеп жүр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ағайынды Шамиль мен Рамиль Юсупжановтар Шымкент қаласындағы 6506-әскери бөлімінде азаматтық борышын бірге өтеп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, егіздер – Алматы облысы Ұйғыр ауданының тумалары.

Зикирьяровтар әулеті үшін 2003 жылғы 18 қаңтар ерекше қуанышты күн болды. Сол күні егіз ұл өмір есігін ашты.

Бір қызығы, Алматы перинаталды орталығында жеті айлық болып өмірге келген шақалақтардың салмағы үш келіден әрең асқан екен, Рамиль 1,450 кг болса, Шамильдің салмағы – 1,6 кг. Дегенмен олар кішкентайынан еңбекқор болып өсті, кез келген жұмысты атқаруға дайын тұратын. Сегіз жасынан Алматы қаласындағы №151 орта мектебінің табалдырығын аттаған егіздер 2019 жылы 9-сыныптан кейін осы шаһардағы автокөлікті жөндеу және эксплуатациялау колледжіне 4 жылдық оқуға түсті.

Бұдан тоғыз ай бұрын әскерге шақыртылған Рамиль мен Шамиль бір-бірінен ажырап көрген емес.

«Көбі бізді мектепте те, колледжде де айыра алмай, барлығы үшін біз «РамШам» атанып кеттік, оған еш ренжімейміз. Одан бетер бір-бірімізге ұқсауға тырысатынбыз», дейді олар жарыса.

Кішкентайынан әже тәрбиесін көрген балалар үлкенді сыйлап, өз елі мен жерінің тарихын танып, дәстүрін сақтауға талпынып өскен-ді. Бауыр десе, ішкен асын жерге қоятын олар ерекше тату. Басқаларға да қолұшын созуға әзір тұратын елгезек жастар.

Рамиль мен Шамильдің анасы Арзыгүл Асанқызы: «Түрлері ғана емес, мінез-қылығы, сөйлеген сөздері, тіпті ойларына дейін бірдей ме дейтінбіз. Әйтеуір екеуі әрқашан күлімсіреп, жадыраңқы жүреді, өмірге өте құштар», - дейді ұлдары туралы.

Қазіргі кезде егіздер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6506-әскери бөлімінің автомобильдегі жедел мақсаттағы батальонында патрульдік көлік жүргізуші қызметін абыроймен атқаруда.

Сарбаздар арасында екеуі де беделді. Кез келген жерде жанындағыларға көмек беруге дайын, берілген тапсырманы екі етпей орындайды. Үш айдан соң азаматтық борышын өтейтін егіздер үйлеріне оралып, өз арман-мақсаттарына жету жолында еңбектене бермек.



Соңғы жаңалықтар