«Ағашкалар экономикасының» дәурені өтті – Ұлттық кеңес мүшесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қайырбек Арыстанбеков мәслихат сайлауындағы жастарға арналған 30 пайыздық квота туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Табиғатта адамзат үш топқа бөлінеді. Жас буын, орта буын, сосын кәрі буын. Осы буынның пропорциясы, тепе-теңдігі болмаса, қоғамның шапшаң дамуы болмайды, экономикалық өсу қарқыны жоғары болмайды және басқа әлеуметтік бастамалар қолдау таппайды. Сондықтан, бүгінгі отырыста Президенттің осы мәселеге ерекше тоқталғаны өте қуантады. Себебі, осы күнге дейін бізде бүкіл мәслихат бойынша жастардың саны 60-ақ адам екенін айтты», - деді Қ. Арыстанбеков елордада тілшілерге берген сұхбатында.

Сонымен бірге сарапшы «ағашкалар экономикасы» төмендеп, жастардың мүддесі алдыңғы қатарға қойылатынын айтты.

«Жастар арасында «ағашкалар экономикасы» деген ұғым бар. Ол дегеніміз – жергілікті мәслихат бойынша кәрі буын басқарып, өздері бюджетті бөліп, саясат жүргізіп келді. Енді Президент нені айтып отыр, кәрі буынға қоса, орта буынды, сосын жас буынды қосу керек. Сонда жоғарыда айтқан тепе-теңдік сақталады. Бұл, басқа әлеуметтік топтардың мүддесін шектеу емес, бұрын ескерілмей қалған жастардың мүддесі алдыңғы қатарға қойылады деп ойлаймын. Бұл ұлттық мүддемізге сәйкес келеді деп ойлаймын.

Айта кетейік, бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы өтті. Жиында Президент мәслихат депутаттары корпусында жастардың үлесі 2 пайыз ғана екенін айтқан еді.

Еске салайық, 2021 жылдың 10 қаңтарында Қазақстанда Мәжіліске және мәслихаттарға депутаттарды сайлау өтеді.




Соңғы жаңалықтар