Ағартушы-ғалым Мұхтар Арынға ескерткіш орнатылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында қоғам қайраткері, педагог-ғалым, тіл жанашыры Мұхтар Арынның ескерткіші ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Сарқан ауданындағы Бақалы ауылында бой көтерген мүсінді ғалымның ұрпақтары «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» кіші бағдарламасы аясында орнатты.
Мұхтар Арын Жетісу өңірінің төл перзенті. Ол кеңестік кезеңде жабылып қалған қазақ мектептерін ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қайта ашылуына, жер-су атауларының қазақша аталуына үлесін қосты. Тарих қойнауында қалған арыстар мен абыздардың еңбектерін зерттеп, оны жарыққа шығаруда тер төкті. «Тіл мен дінді, тарих пен дәстүрді, туған жерді - бес анық» деп топтастырған ғалым еңбектерін зиялы қауым әлі күнге дейін зерттеп келеді.
«Мұқаң екеуіміз Алматыда 23 жасымызда кездестік. Тәлім-тәрбие отбасынан басталады ғой. Екеуіміздің бес баламыз бар. Үш ұлымыз, екі қызымыз бар. Мұқаң бар өмірін білімге, ағартушылық саласына арнап, ғылым саласында көп еңбек еткен жан. Ол 1983 жылдан өмірінің соңына дейін Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры болды. Ол кісі ғылыми жұмысын неміс тілінде Мәскеуде қорғаған. Осы қазақ елім рухани бай болса, өркениетті ел болса екен деп армандап кетті. Ол кісінің жүрегі елім, жерім, тілім, дінім деп соқты. Бірақ өмірі өте қысқа болды. 59 жасында өмірден озды. Ойлаймын бұл ескерткіш жас балаларға, ұрпақтарға үлгі болар. Келешекте осы Мұқаңдай жақсы адам болып, адамгершілігі мол, парасатты, зиялы адам болсын», - деді Мұхтар Арынның жары Райхан Бердіқожақызы.
«Мұқаң Бақалының, Сарқан ауданының, Алматы облысының Мұқаңы емес. Мұхтар Арын ол қазақтың тұлғасы. Мұхтар Арын әр жерге де қымбат. Мұқаң тек студенттерді тәрбиелеген жоқ. Ол сол тұста қазақтың рухын тәрбиелеуде үлкен үлес қосқан жан. Мұқаңның бір ерекшелігі, ол неміс тілінің маманы. Сондықтан оның бойында қазақ өркениетімен неміс мәдениеті бірге жүрді. Ол Абай мен Гетені бірдей түсінді. Олардың ұқсастықтарын, олардың бүгінгі өмірге деген ықпалының тереңдігін, сол ұлттық мәдениеттің тамырынан үлкен күш алғандығын айтып, халыққа түсіндірді», - деді ескерткіштің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген профессор, замандасы Амангелді Айталы.
Мұхтар Ғалиұлы көзі тірі болғанда 20 мамырда 82 жасқа толар еді. Ағартушы Алматы облысының Сарқан ауданына қарасты Бақалы ауылында жерленген.

Соңғы жаңалықтар