Афинада Қазақстан елшісі «Жаңа демократия» партиясының басшысымен кездесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Афина қаласында Қазақстанның Грекиядағы елшісі Алексей Волков осы мемлекеттегі ең ірі «Жаңа демократия» саяси партиясының жетекшісі Кириакос Мицотакиспен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елшіліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, келіссөздер барысында қазақстандық дипломат танымал грек саясаткеріне Қазақстанның тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген саяси, әлеуметтік-экономикалық жетістіктері жайлы баяндап берген.

Сондай-ақ, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы аясында еліміз қазіргі таңда заманауи даму бағытында екені ерекше атап өтілді. Осы орайда, елші екі ел арасында инвестициялық және туристік ынтымақтастықты дамытуға зор мүмкіншіліктердің бар болуын ескере отыра, екіжақты саяси, парламенттік және іскерлік байланыстарды дамыту қажеттігіне тоқталды.

Отандық дипломаттың пайымдауынша аталған байланыстарды дамытуға Қазақстандағы грек диаспорасы айтарлықтай үлес қоса алады.

«Жаңа демократия» партиясының төрағасы К.Мицотакис ұсынылған мәліметтерге алғыс білдіре отыра, мемлекетіміздің жаһан деңгейінде геосаяси және экономикалық рөлінің артып келе жатқанын айрықша атап, Қазақстанмен жан-жақты байланыстарды дамытуға мүдделі екендігін жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша К.Мицотакис Қазақстан өз дамуы үшін алдына қойған биік мақсаттарға жетуге, сонымен қатар еліміздің Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше атану келіссөздерінде сәттілік тіледі.

Қазақстанның сыртқы өкілдігі жуық арада Грекияның басқа да алдынғы қатарлы саяси партияларымен ұқсас консультациялар өткізуді көздеуде.

Еске сала кетсек, «Жаңа демократия» - Грекияның ең басты ірі оппозициялық партиясы. К.Мицотакис 2016 жылдың қаңтарында партия көшбасы болып сайланды.

Соңғы жаңалықтар