АЭС салынғанын қолдаймын – Энергетика министрі

None
Фото: storage.googleapis.com
АСТАНА. ҚазАқпарат – Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген жауабында Қазақстанға АЭС салу мәселесін жақтап дауыс еруге әзір екенін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл мәселеде сөзсіз, диалог жолға қойылады. Парламент алдында есеп беруді жоспарлап отырмыз. Олардың да атом энергетикасы туралы сұрақтары көп. Партия атынан сөйлеп жүрген партиялар да бұл мәселені көтеруде. Бұл диалогты барынша кең ауқымда талқылауға саламыз. Оның ішінде қоғамды, қоғамдық пікір жетекшілерін тартамыз», - деді министр.

БАҚ өкілдері: «АЭС салу мәселесі бойынша референдум өткізу жоспарда бар ма?», - деген сауал қойды.

«Бұл жерде заңнама талаптарына қарап шешім шығару керек деп ойлаймын. Атом электр стансасын салудың айқын тәртібі бар, МАГАТЭ-нің талаптары бар. Біздің бұл мәселені сәйкестендіру бағытындағы талаптарымыз бар. Жергілікті әкімдіктерде халықпен талқылау кеңейтілген форматтарда өтеді. Менің жеке пікірім бойынша, референдум халықтың басым бөлігі станса салуды қолдай ма, жоқ па дегенді түсіну үшін қажет. Халықтың пікірін түсінудің басқа да түрлі тәсілдері бар. Халық қарсы болса, салмайтынымыз түсінікті. Халықтың пікірін білу шарасының формасы қандай болатынын, референдум ба, әлде қоғамдық тыңдау бола ма, Парламент отырысы бола ма, оның бәрі тәртіп бойынша реттеледі.

Мен АЭС салынғанын жақтаймын. Өз дауысымды осы ұстанымға кез келген формада беруге дайынмын. Фукусима оқиғасынан кейін енгізілген қазір салынып жатқан атом электр стансаларына қойылатын талаптар күшейді», - деді Алмасадам Сәтқалиев.


Соңғы жаңалықтар