АЭС салынатын жаңа орындар белгіленген жоқ - Энергетика министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Атом электр станциясы салынатын жаңа орындар айқындалмады. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Станцияны кез келген жерге салуға болмайды. Бұл тек екі-үш айдың жұмысы емес. Сондықтан оны жан-жақты қарастырған маңызды. Кадрлық және сумен жабдықтаудан бөлек, тиктоникалық және сейсмологиялық жағынан қарау керек. Әзірге, жаңа орындарды айқындамадық. Өйткені станция салатын орындар көп болмайды. Сондықтан зерттеу жұмыстарының тұтас кешенін жүргізу керек. Яғни осы жұмыстар қандай да бір құрылыстың алдында егжей-тегжейлі атқарылады», - деді Б. Ақшолақов Мәжілісте тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның сөзіне қарағанда, қазір екі орын қаралып жатыр. Бір локация – Балқаш жағы, екіншісі - Курчатов.

«Әлем бойынша танымал технологиялар тек Ресейде ғана емес, сонымен қатар Франция, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Кореяда бар. Қазіргі кезде Қытайдың да технологиялары дамып келеді. Соның ішінде озық деп танылғанын әрі қауіпсізін таңдаймыз», - дейді министр.

Осы орайда ол атом электр станциясына қатысты тек зерттеу жұмыстары жүріп жатқанын еске салды.


Соңғы жаңалықтар