АЭС құрылысы бойынша 6 халықаралық компанияның ұсынысын зерттеп жатырмыз – Министрлік өкілі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Жаслан Қасенов АЭС салу бойынша қандай компаниялардың ұсыныстары зерттеліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда Қазақстанның табиғи-климаттық факторлары мен АЭС-тің қоршаған ортаға ықтимал әсерін негізге ала отырып атом энергетикасын дамыту жөніндегі зерттеулер жүргізіліп жатыр. Ұсынып отырған 6 жеткізушінің жобаларын зерттеп жатырмыз.

Бұл америкалық (NuScale), америкалық-жапониялық (GE-Hitachi), кореялық (KHNP), қытайлық (CNNC), ресейлік (Росатом) және франциялық(EDF) технологиялар», - деді Жаслан Қасенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның мәліметі бойынша, бұл бағыттағы зерттеу жұмыстары реакторлардың қауіпсіздігін де қамтымақ. Сондай-ақ, АЭС салынатын орын, реактордың қуаты және құны бойынша зерделеу жүргізіліп жатыр.

«Біздің елімізде атом энергетикасын дамытуға барлық мүмкіндіктеріміз бар. Біз өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орын аламыз. Бізде ядролық отын компоненттерінің өндірісі бар. Сондай-ақ, біздің елде уранды изотоптық байыту технологиясы бар деуге болады. Былтыр Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр станцияларына дайын ядролық отын шығаратын зауыт ашылды. Қазір онда ядролық отын белсенді өндіріліп жатыр», - деді министрлік өкілі.


Соңғы жаңалықтар