АЭС Балқаш көлінің ерекшелігіне кері әсер етпей ме

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін елордада атом электр стансасының құрылысына қатысты дөңгелек үстел өтті. Еуразия ұлттық университеті мен «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бірлесе ұйымдастырған іс-шара барысында мамандар тақырыпты жан-жақты талқыға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

АЭС салу үшін таңдау неліктен Үлкен ауылына түсті

«Бастапқыда атом электр стансасын салатын 2 алаң қаралған болатын. Оның біріншісі – Абай облысындағы Курчатов қаласының, екіншісі – Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылының аумағы. Техникалық, гидрологиялық, гидрометрологиялық жағдайларын салыстырып қарағанда, екі алаңды тең деуге болады. Бірақ, Үлкен ауылының аумағы инфрақұрылымдық жағынан біршама артықшылығы бар. Ол қандай? Мысалы, Балқаш жылу электр стансасының құрылысы басталған болатын. Бірақ, құрылыс тоқтап қалды. Нысан салу үшін тегістелген жер бар. Жұмысшылар кенті салынған. Салқындатқыш тоғаны, 110/10 кВ қосалқы станса, 500/220 кВ тірек қосалқы станса бар. Сондықтан, дәл осы алаң қолайлы деген шешім қабылданған. Үлкен ауылының тұсына салынатын стансаға қазіргі уақытта 2 алаң қарастырылып отыр. Оның бірі ауылдан 3 шақырым, ал екіншісі 12 шақырымнан астам жерде. Шешім әлі нақты қабылданған жоқ», - деді іс-шара барысында «Қазақстан атом электр стансасы» ЖШС атом энергетикасы бөлімінің инженері Асуан Сиябеков.

Оның атап өтуінше, атом электр стансасының өнеркәсіптік алаңы 300 мыңнан астам халқы бар қалалардан 25 шақырымнан, 1 млн-нан астам халқы бар қалалардан 40 шақырымнан шалғай орналасуы тиіс. Жалпы, қазіргі уақытта еліміз Жапония, Корея, АҚШ және Ресейдің реакторларын қарастырып отыр. Олардың электр энергиясын өндіру қуаты бірдей дерлік – 1 200 Мвт. Тек, корейлік реактордың ғана қуаты өзгешелеу – 1 400 Мвт.

«Қазіргі уақытта вендорды (вендор – меншікті брендімен тауарларын ілгерілететін немесе жеткізетін заңды не жеке тұлға) анықтау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Оны биыл анықтайтын болсақ, 10-12 жылдың ішінде жұмыстар атқарылып, 2035 жылы АЭС-ті пайдалануға болады деген болжам бар», - деді Асуан Сиябек.

АЭС мамандары, Балқаш көлі,SMR

Сонымен қатар, ол АЭС-ті қажетті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі қоғамды толғандыратынын, вендорға тәуелді болмау қажеттігі жиі көтеретіндігін айтады. Шетелдік мамандар келіп жұмыс істеуі мүмкін деген қауіптің де бар екендігін жасырмайды.

«Бұл – қате пікір. Екі блоктан тұратын АЭС пайдалануға берілген кезде онда 2 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Оның ішінде өндірістік қызметкерлер – 1 300, әкімшілік қызметкерлер – 600 адам. Сол 2 мың адамның 20 пайызы, яғни 350-400-і ғана ядролық физика немесе атом реакторлары бойынша жұмыс істейтін мамандар», - деді инженер.

«Қазақстан атом электр стансасы» ЖШС атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Құмар Әусенов те кадр мәселесіне тоқталып өтті.

«Қазіргі уақытта Ядролық физика институтымен ынтымақтастықтамыз. Егер мамандар Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінде білім алса, онда олар жұмыс істеп тұрған реакторде тәжірибеден өтеді», - деді ол.

Асуан Сиябековтің дерегінше, АЭС салу елдің дамуына мультипликативтік әсер етеді. Нақтырақ айтар болсақ, әлеуметтік жағынан ғылыми-техникалық өсім болып, еліміздің жоғары білікті кадрлық потенциалы дамиды. Құрылыс кезіндегі жұмысқа 8-10 мың адамға дейін жұмылдырылады. Жалпы, АЭС салу кезінде 1 жұмыс орын экономиканың аралас салаларында 10-нан астам жұмыс орнын құрады. Тұтынушыларды 60 жылдан астам уақыт үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Сонымен қатар, парниктік газдар шығарындыларын жылына 10 млн тоннаға дейін төмендетуге жол ашылады.

Дөңгелек үстел отырысында Еуразия ұлттық университетінің техника ғылымдары докторы Камалхан Сәкенов АЭС салғаннан кейінгі Балқаш көлінің тағдырына алаңдаушылық танытты.

«Балқаш көлінің ерекшелегі судың тұщы және ащы бөлігі бар. Айырмасы – 1,5 градус. Сол баланс бұзылса, Балқаш көлінің ерекшелігі жойылады. Біріншіден, осы мәселені қарастыру қажет. Жылу электр стансасының салынбауы да сондықтан. Екіншіден, біздегі электр энергиясы тапшылығын атом электр стансасы шешпейді ғой. Салуға 8-10 жыл кетеді», - деді ол.

Осы орайда, Асуан Сиябеков АЭС-тің Балқаш көліне әсері болмайтынын айтады.

«Кейбіреулер көл тартылып қалады дейді. АЭС жұмыс істеп тұрған кезде 1 жылға буға айналатын судың көлемі 60 млн тонна ғана болады», - деді инженер.

Камалхан Сәкенов сонымен қатар, бүгінде шағын модульді реакторлар (Small Modular Reactors) әзірлеу әлемде қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Оның атап өтуінше, мұндай реакторларды салуға 2-3 жыл ғана уақыт кетеді. Жұмсалатын қаржы көлемі де АЭС-ке қарағанда әлдеқайда төмен болмақ.

Осы орайда, Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова шағын модульді реакторлар салу мүмкіншілігі пысықталатындығын айтты.

«Электр энергиясы теңгерімінің болжамына сәйкес, біз қуаты 2,8 гигаватқа дейін екі атом стансасын салуды жоспарлап отырмыз. Әрине, болашақта атом энергетикасын дамытуды жалғастыруды қарастыруға болады. Қазір әлемде шағын модульдік реакторларды пайдалану мүмкіндігі зерделеніп жатыр. Біз де бұл мәселені пысықтаймыз», - деді Гүлмира Мұрсалова.

АЭС энергия тапшылығын жоя ала ма

Елімізде соңғы екі жылда электр энергиясының тапшылығы ерекше сезіліп отыр. Әсіресе, тапшылық жоғары жүктеме кезінде байқалып қалып жатады. Ал, сол электр энергиясы тапшылығын Ресейден өте жоғары баға есебінен өтеуге мәжбүрміз. Тапшылық тәулігіне 1 200 МВт-қа дейін жетеді. Сарапшылар мұны тұтынудың артуымен, желілердің тозуымен және энергетикалық инфрақұрылымның жоғары апаттылығымен байланыстырады. Ал, тапшылықты жою үшін электр энергиясын өндіретін жаңа стансалар қалу қажеттігі сөзсіз. Осы орайда, Құмар Әусенов бұл энергия тапшылығын АЭС жаба алатындығын айтады.

«Біздің есептеуіміз бойынша, 2023 жылға қарай тұтынылатын электр энергиясының 12 пайызын жабамыз. Соған үміттенеміз. Қазір Қазақстанда стратегия қарастырылып, ұсыныстар талқыланып жатыр. Мүмкін ол бір ғана станса болмайтын да шығар. Өйткені, бізде энергия тұтыну жылдан-жылға шамамен жарты гигиватқа артып келеді. Халық саны да 400-500 мың адамға көбейіп отыр. Біз алдын орап отыруға тырысамыз. Ал әзірше, АЭС-тің екі блогын салу жоспарланып отыр», - деді Құмар Әусенов.


Соңғы жаңалықтар