АЭФ жаһандық мәселелерді талқылау үшін өте тиімді алаң - Пан Ги Мун

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Global Challenges Summit 2018 форумының жалпы отырысында БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун АҚШ президентінің Париж келісімінен шығу туралы шешімін сынға алды. Бұл ретте ол жаһандық мәселелерді талқылау үшін Астана экономикалық форумының өте тиімді алаң екенін және Париж келісімі аясында бірнеше уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұрынғы Бас хатшы ретінде бірқатар елдің президенттері мен премьер-министрлерінің өздеріне алған міндеттемелерді тиісінше орындамай жатқанын айтуым керек. Әсіресе, АҚШ президентінің тарихи келісімнен бас тартуы туралы мәлімдемесі үлкен алаңдаушылық туғызады. Егер АҚШ бұл процеске қолдау білдірмесе, басқа не күтуге болады? Әлі де АҚШ бұл жаһандық келісімге қайта қосылады деп үміттенемін», - деді Пан Ги Мун Global Challenges Summit 2018 форумының жалпы отырысында.

nullОның айтуынша, азаматтық және әлеуметтік қоғам бұл бағытта үлкен қолдау білдіріп отыр.

«АҚШ-тың 200-ден астам мэрі, мыңнан астам жергілікті ұйымдары «Біз сіздермен әлі де біргеміз» деп мәлімдеді. Басшылық не айтса да, олар қоршаған ортаға қамқорлық көрсетуде өз жұмысын жалғастыруға ниетті. Менің ойымша, бұл өте жақсы жауап. Барлық саяси көшбасшыларды, бизнес және қоғам көшбасшыларын бірігіп жұмыс істеуге, халықаралық ұйымдарға қолдау көрсетуге шақырамын», - деп түйіндеді сөзін Пан Ги Мун.

Айта кетейік, XI Астана экономикалық форумы елордада 17-19 мамыр күндері өтеді. Бұған дейінгі форумдарда жаһандық экономика, цифрландыру және тағы басқа мәселелер қаралса, биылғы форум кезінде ресурстар, роботизация, адамзаттың өзгеруі, агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктер, денсаулық саласының мәселелері талқыланады.

Биыл форумға әлемнің түрлі елдерінен 500-ге жуық спикер қатысады. Бұл АЭФ-тің рекордтық көрсеткіші. Топ-спикерлер арасында Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия жөніндегі бас экономисі Ганс Тиммер, физик, футуролог Митио Каку, Golman Sachs бұрынғы төрағасы Джим О'Нил, Apple компаниясының негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк, Ресей президенттігіне үміткер болған Ксения Собчак және өзге де тұлғалар бар.  

Форумның алғашқы екі күні күн тәртібіндегі жаһандық мәселелерге арналады, үшінші күні спикерлер ҚР Үкіметінің, сарапшылар қоғамдастығының өкілдерімен алты бағыт бойынша жұмыс жүргізетіні күтілуде.

Соңғы жаңалықтар