АЭФ тарихына шолу: Форумдағы ескертулер ақиқаты дәлелденіп келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана экономикалық форумы алғаш әлем сарапшылары үшін Орталық Азиядағы ашық пікірталас алаңы ретінде құрылып, біраз бедел жинаған еді. Дүниедегі түрлі келеңсіздіктер сөз болатын форумға бұрнағы жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдау көрсеткені, оның аясында Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция өткені есте. Осының өзі АЭФ деңгейін білдірсе керек.

Атағы дардай көшбасшы тұлғалар, беделі зор сәуегей саясаткерлер, қаржы һәм экономика саласының элиталары, мемлекет қайраткерлері, сақа сарапшылары, халықаралық ұйымдар мен қауымдастықтардың басшылары Қазақ елінің астанасында тағы да бас қосып, жаһан үшін жайлы жолды іздестіру мақсатында пікір таластыруға жиналуда. Астана экономикалық форумы бұл жолы да жаһан жұртын алаңдатқан сын-тегеуріндерді талқылап, әлемдік проблемаларды шешу жолдарын саралайтын болады.

Ертең елордада жалауын көтеретін АЭФ маңызына тоқтала отырып, алқалы басқосудың тарихына да шолу жасағанды жөн санаған едік. Астана экономикалық форумының 10 жылдық жұмысында әлемнің 150 елінен шамамен 50 000 делегат қатысыпты.  Олардың ішінде 20-дан астам Нобель лауреаттары мен 30 жоғары деңгейлі шетелдің саяси қайраткерлері болды. Конгресс аясында 20 млрд АҚШ доллары сомасына 300-ден астам меморандумдар мен келісімдер жасалған екен. Түрлі уақытта форум спикерлері саясаткерлер, ғалымдар және экономистер, әлемдік деңгейдегі журналистер мен қоғамдық қайраткерлер, халықаралық ұйымдар, қаржы институттар және бизнес-элиталар өкілдері болған.

2010 жыл: Дағдарыстан кейінгі кезеңде тұрақты өсуді қамтамасыз ету

2010 жылы өткен үшінші форумның мақсаты - мемлекеттің экономикалық саясаты мен ғылым жетістіктерін, сондай-ақ  жеке сектордың бастамаларын бір арнаға тоғыстырып, дағдарыстан кейінгі әлемдік экономика мен мемлекеттердің ұзақмерзімді тұрақты дамуына қажетті жағдайларды қалыптастыру тетіктерін әзірлеу болды. Осыдан 8 жылғы бұрынғы келелі жиынға әлемнің 50 мемлекетінен 2 мыңнан астам іскер топ өкілдері, жетекші ғалымдары мен сарапшылары, халықаралық ұйымдардың басшылары, көрнекті ғалым-экономистер мен Нобель сыйлығының лауреаттары қатысты. Олардың Еуразияның кіндігіндегі өршіл қалаға бас қосып, орамды ой тастауы, үлкен пікірталас алаңының көрігін қыздыруының өзі жиынның халықаралық маңызын тереңдете түскендей.

Жиын барысында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев тарихи Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстанда ғаламдық экономика және қаржы мәселелерін талқылау игі дәстүрге айналып келетінін, осы тұрғыда  үшінші рет өтіп отырған форумның дағдарыстан кейінгі әлемдік дамудағы экономикалық даму теңгерімсіздіктерін еңсеру бағытында неғұрлым ойлы ұсыныстар айтылатын алаңға айнала бастағандығын атап өтті.

 Форум жалғасқан екі күн ішінде 17 отырыс өткізіліп, 20 сағат уақыт пікіралысу өтті. Жүздеген баяндама тыңдалды. Жалпы, отандық қана емес, әлемнің айтулы қаржы-экономика саласының мамандарының басын қосқан елордадағы басты экономикалық шараның жыл сайын қуат алып отырғанын қатысушылар растаған болатын. Мәселен, Азия даму банкінің вице-президенті Жао Шаою 2008 жылы өткен Бірінші Астаналық экономикалық форумына қатысқандығын есіне алып, сол тұста айтылған ойлар мен ескертулердің ақиқаты әлемдік дағдарыс тұсында дәлелденгендігіне ерекше тоқталады.

2011 жыл: Жаңа онжылдық: сын-қатерлер мен перспективалар

Төртінші форум жана онжылдық тақырыбына арналып, оған әлемнің 80 елінен 3 мыңнан астам өкілдер қатысты. Беделді саясаткерлер, ірі халықаралық корпорациялардың, орталық банктердің, қаржы институттарының, экономиканың нақты секторының  аузы дуалы сақа сарапшыларының келуі форумның салмағын арттыра түсті. Әсіресе, экономика саласының суперэлитасы саналатын Нобель сыйлығының 6 бірдей лауреатының Еуразия кіндігіндегі қазақтың елордасында жаһандық экономика туралы сөз қозғап, түрлі болжамдар бойынша пікір қағыстырып, тың идеяларға түрен салуы 2011 жылғы басқосудың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдесе керек. Роберт Манделл, Джон Нэш, Роджер Корнберг, Джеймс Миррлис, Роберт Ауманн, Финн Кидланд  секілді нобельшілер басқосуда байсалды пікірлер ұсынып қана қойған жоқ, бұдан кейінгі де қазақ даласында өтетін осындай форумға ұдайы қатысуға құлықты екендерін жеткізді. Экономика саласының білімпаздары осы форумда Нобель сыйлығы лауреаттарының астаналық клубын құруы да осыған дәлел бола алады.

Жаһандық проблемаларды белсенді талқылайтын Астана алаңының ашылу салтанатына  ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйлеген еді. «Бүгінде әлемдік қоғамдастық жаңа ғасырдың жаңа онжылдығына қадам басты. Қазіргі үрдістер дүние дамуының жаңа қарсаңында тұрғанын білдіреді. Сондықтан дағдарыстан кейінгі кезеңде «жаңа қағидаттар қандай болады, қандай жаңа тәртіп орнайды?» деген сауал баршаны толғандырады. Мен мұндай ортақ қағидаттарды барлық елдердің күш-жігерімен қалыптастыруымыз керек деп санаймын. Сонда ғана әлемдік құрылымның жаңа жүйесі баршаның және әрқайсымыздың мүддемізге сай болады», - деді Елбасы.

Тоқтала кететін жайт, форум жұмысы негізгі үш бағытта - «Жаһандық экономика және қаржы», «Бизнес және инвестициялар», «Қоғам мен тұрақты даму» секциялары бойынша айқындалған болатын. Оның ішінде де жаһандық қатерлердің негізгі бағыттары бойынша түрлі сексиялар ұйымдастырылып, екі күнге жалғасқан халықаралық пікірталас алаңында пайдалы кеңестер ғана емес, іскерлік қадамдар да жүзеге асты.

2012 жыл: Жаһанды экономикалық трансформация: сын-қатерлер мен даму перспективалары

5-ші Астана экономикалық форумында әлемдік экономиканың даму мәселелері жан-жақты талқылданды. Елбасының «G-GLOBAL» идеясы да осы тұста көтерілді.

«Қазақстан өз жолының табысты екенін іс жүзінде дәлелдеген ел ретінде, біздің өркендеуіміз және өзге елдің гүлденуі әлемде тұрақтылық пен қауіпсіздік болмайынша мағынасыз екенін жете түсінеді. Әлем үздіксіз прогреске жылжуы үшін барлық мемлекеттерге арналған XXI ғасырдағы еркін әлемнің іргелі қағидаттарын міндетті түрде әзірлеу қажет. Менің көзқарасымша, адамзат өркениетінің даму бағыты мен G-GLOBAL қағидаттары деп атауды ұсынып отырған бес қағидат негізінде қамтамасыз етілуі мүмкін», - деді Мемлекет басшысы жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде.

Елбасы атап өткен бірінші  қағидат - бұл революция емес, эволюция. Бұл орайда Н.Назарбаев адамзат өткен ғасырда революция мен әлемдік соғыстарға лимитін бітіргенін баса айтты. Екінші қағидат - бұл әділеттілік, теңдік, консенсус. XXI ғасырда елдердің ұлы және екінші қатарлы, жетекші және салмақты деп бөлінуі өркениетті түрде ескірді. Келешекте жаhандық шешімдер барлық деңгейде - БҰҰ, халықаралық үйымдар, аймақтық бірлестіктер, форумдар мен саммиттерде тек консенсус негізінде қабылданатыны маңызды. Үшінші қағидат - бұл жаhандық толеранттылық пен сенім. Бұл ретте геосаяси салмағы мен ықпалына, тарихи тәжірибесіне, экономикалық даму деңгейі мен қоғамына қарамастан мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар толерантты болуы тиіс.Төртінші қағидат - бұл жаhандық транспаренттілік. G-GLOBAL форматындағы әлем - бұл ұлттың транспарентті қоғамдастығы. Халықаралық істерде кең түрде ашықтық және мөлдірлік қажет. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы және  ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті барысында барлық серіктестерін осыған шақырған  XXI ғасырдағы әзірше жалғыз ел болып отыр. Бесінші қағидат - бұл сындарлы көпполярлық. Елбасының пайымынша, көпполярлық әлемді құру - бұл XXI ғасырдағы жаhандық дамудың тренді.

2013 жыл: G-GLOBAL форматында теңгерімді экономикалық өсімді қамтамасыз ету

VI Астана экономикалық форумының корытындысы бойынша, құны 400 млн АҚШ долларын құрайтын барлығы 40-тан астам құжатқа қол қойылатындығы жарияланған еді. 2013 жылғы форумға Нобель сыйлығының лауреаттары, мәртебелі делегаттар қатысты. Нақтырақ айтқанда, 100-ден астам мемлекеттен көптеген делегаттар келді. Форумда 35 қазіргі және бұрынғы министрлер, 40-тан астам халықаралық ұйымдардың, корпорациялар мен кәсіпорындардың жетекшілері  бас қосты.

Дәстүрлі түрдегі сөзінде Елбасы XXI ғасырда жаңа экономикалық үлгі қажет екенін қадап айтқан болатын. Жаһандық дағдарысқа қарсы жоспар жасауда сенім тапшылығын жою қажеттігіне ерекше тоқталған Мемлекет басшысы: «Мен жаһандық дағдарыс шынымен де сенім тапшылығының болуынан деген мәселені ойға аламын. Өйткені, жаһандық қаржы институттары мен ұлттық мемлекеттер арасында, қаржы секторы мен шынай экономика субъектілері арасында шынайы сенім жоқ», - деді. Елбасының пайымынша, осылайша ортақ сенім болмаған жағдайда жалпылама дағдарысқа қарсы жоспарлардың барлығы да кезекті қуысты жамауға мүмкіншілік бермейтіндігі түсінікті.

«21-ғасырда жаңа экономикалық үлгі қажет. Ол әділ, шынайы әлемдік қаржы жүйесіне негізделуі қажет әрі онда өтірік, алдау, жауапсыздық сынды мәселелер орын алмауы тиіс», - деп атап өткен Елбасы, адамзат баласына өндірілетін игіліктер қоғамның игілігі мен дамуы үшін жасалатын шаралар екендігін баса айтты.

  

2014 жыл: G-GLOBAL форматында өзгерістер дәуірінде тәуекелдерді басқару

VII Астана экономикалық форумы өзінің ауқымы жыл сайын кеңейіп, маңызы да артып отырғанын дәлелдеді. Үш күнге ұласқан алқалы жиынға 15 мыңнан астам делегат қатысса, соның ішінде, әлемнің жүзден астам мемлекетінен салалық министрлер ат басын Астанаға арнайы бұрды. Осының өзі-ақ елордалық алаңның жаһандық ауқымын аңғартса керек.

Атап айтсақ, осы форум аясында өткен конференцияда Нобель сыйлығының лауреаттары Финн Кидланд, Эрик Маскин, Джордж Фицжеральд Смут III  жас ғалымдар алдында дәріс оқыды. Нобель сыйлығының экономика саласы бойынша 2004 жылы лауреаты  Финн Кидланд әлемдегі қаржы экономикалық дағдарыстың қазіргі жай-күйіне талдау жасады. Ол Еуропадағы қаржылық дағдарыс  толықтай тұрақталмағанын алға тартты. Кидланд ортақ экономикалық кеңістікте валюталық одақ құру тиімсіз деген тұжырымымен бөлісті. Ол бұл тұрғыда ЕуроОдақтың еуросын нақты мысал ретінде келтірді.  Ғалым Еуразиялық экономикалық одақтың болашағына қатысты өз болжамын  айтты. Кидланд егер бұл ұйым сауда, тауар айналымын кеңейтуге бағытталған үрдісінен жаңылмаса, онда келешегінен үлкен үміт күтуге болады деп есептейді. Тек ортақ валюта мәселесінен аулақ болу керектігін жеткізді.

Нобель сыйлығының тағы бір лауреаты Эрик Маскин болса, әр дамығысы келетін ел  тек әлемдік қауымдастықпен ашық әріптестік қатынасты өрбіте алса ғана жетістікке жете алады, деп мәлімдеді. Тұйықталып қалғаннан, қандай қоры бар ел болса да зардап шегетінін шегеледі.     

2015 жыл: Инфрақұрылым - тұрақты даму драйвері

Форумға шамамен 90 елден 3 мыңға жуық делегат келді. Олардың қатарында 200-ге жуық  вип-спикер, мәселен  премьер-министрлер, парламент мүшелері, қаржы институттарының өкілдері, Нобель сыйлығының иегерлері, халықаралық ұйымдар басшылары және белгілі ғалымдар болды. Форум аясында 21-22 мамырда отызға жуық сессия өтеді. Олардың барлығы экономикадағы әлеуеті зор салалардың бірі - инфрақұрылымды дамыту тақырыбына арналды.

Мемлекет басшысы жиындағы сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» Қазақстанды инфрақұрылым сапасы бойынша әлемнің көшбасшы 50 елінің қатарына қосуға бағытталғанын да атап өтті.

«15 жылдың ішінде кең жазық далада еліміздің елордасы - Астана қаласы бой көтерді. Қала қазақстандықтардың мақтанышына және экономика өсіміне қуат берушіге айналды. Біз де Қазақстанда қазіргі күні жаһандық проблемаларға жауаптарды іздестіру үстіндеміз. Осы үшін «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламалары әзірленіп, қабылданды. Менің «Дағдарыстан шығу кілті», «Бесінші жол» атты еңбектерім нақ осы тақырыптарға арналған болатын. Біздің әлемдік дағдарысқа берген нақты жауаптарымыздың бірі индустриялық-инновациялық дамудың кең көлемді мемлекеттік бағдарламасы және «Нұрлы Жол» - болашаққа бастар жол» бағдарламасы болып табылады. Біздің «Нұрлы Жол» бағдарламамыз инфрақұрылымдық сапа жөнінде әлемдегі алдыңғы қатарлы 50 елдің құрамына кіруге бағытталған. Біз ел астанасынан өңірлерге күн шуағындай шашырап жататын автокөлік жолдарының желілерін қалыптастырамыз. Біз теміржолдар, көпірлер, электр желілері, мектептер, ауруханалар, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық нысандары және жаңа тұрғын үйлер саламыз», - деді Елбасы.

 

2016 жыл: Жаңа экономикалық шынайылық: әртараптандыру, инновациялар мен білім экономикасы

ІХ Астана экономикалық форумының пленарлық отырысына Халықаралық валюта қорының директоры - басқарушысы Кристин Лагард бейне-жолдау жасаған болатын. Оның атап өтуінше, қысқа мерзімді перспективада жаһандық дағдарыстың ықпалын азайту үшін Қазақстанның еркін айырбас бағамына көшу шешімі дұрыс болды. Қазіргі кезде Орталық Азия елдері үшін төмен биржалық бағаға, экономиканың төмен өсіміне байланысты белгілі бір қиындықтар бар. Осы ретте бұл мәселелерді шешумен қатар, тұрақты өсімді қамтамасыз етуге талпыну керек.

«Біздің ойымызша, бұл тұрғыда белгілі бір жақсы әдістер бар. Бұл тәсілдер бүгінде іске асырылды, оның ішінде монетарлық саясатқа қатысты болып отыр. Сондықтан да кейбір елдер өздерінің айырбас бағамын икемді етті. Қазақстан өзінің валютасын еркін бағамға жіберу шешімін жасады. Бұл өз кезегінде қысқа мерзімді перспективада сын-қатерлерді азайтып, белгілі бір икемділікке қол жеткізу үшін жақсы шешім болды деп есептейміз»,-деді ол.

Бұдан бөлек, Alibaba Group компаниясының негізін қалаушы және Директорлар кеңесінің төрағасы Джек Ма алдағы 30 жылда Интернет әлемді бұдан артық өзгеріске ұшырататынын мәлімдеген еді. «Әлем өзгерді, яғни соңғы бірнеше жылда Интернет барша әлемді өзгертті. Алдағы 30 жылда Интернет әлемді бұдан артық өзгеріске ұшыратады. 1,8 млрд. адам өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан кейін өмірге келді. Бүгінде олар  Интернеттің буыны деп саналады және бұл буын үнемі жаңашылдықты күтеді. Атап айтқанда, Интернет әлемге елеулі үлесін қосты, сонымен қатар кейбір кері әсерлері де болды. Жалпы, біз электронды жолды құру туралы ойладық па? Яғни, Азия мен АҚШ арасында, Азия мен Еуропа арасында жолды қалыптастыруды қарастырдық па? Осы электронды жұмыс арқылы кез келген шағын бизнес ақысыз түрде жылжып, бизнесін шығынсыз жүргізе алады. Осы жолда ұялы телефоны бар әрбір адам кез келген өнімді саудалауға қауқарлы болады. Менің ойымша, бұл тұрғыда ойланған дұрыс болар еді»,-деді Джек Ма.

 

2017 жыл: Жаңа энергия - жаңа экономика

«Астана экономикалық форумының оныншы мерейтойлық жиыны жыл сайынғы дәстүрлі мамыр айында емес, маусымда өтті. Бұл шара тақырыбы жағынан да «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуымен үндес болды. Атап айтқанда, АЭФ он жылда  ашық пікірталасқа арналған маңызды  халықаралық  алаң ретінде танылды.

Х Астана экономикалық форумының жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚР Президенті дәстүрлі энергетиканы қолдаудан арылуымыз қажет екенін атап өтті. «Экономикалық өсімі таза энергетиканы дамыту  мен экологияны сақтауға негізделуі тиіс. Париж келісімін барлығы бірдей орындау маңызды. Халықаралық агенттіктердің бағалауынша, оның мақсаттарына қол жеткізу жаһандық жылынуды баялатып қана қоймай, әлемдік экономиканы 20 трлн долларға немесе 27 процентке өсуіне мүмкіндік береді», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Елбасы  Қазақстан Республикасы Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерінің ішінде ең бірінші болып парникті газдар шығарындыларын квотамен сату жүйесін енгізгендігін баса айтты.

«Біз сәйкесінше нормативтік құқықтық база әзірлеп қабылдадық және бұл саладағы тәжірибемен бөлісуге дайынбыз. Сонымен қатар осы елдердің кеңістігінде атмосфераға эмиссияларды есептеу бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе құруды ұсынамыз. Біз эмиссиялар мен газдар бойынша ақпараттар әлемнің барлық елдері мен қалалары шегінде қолжетімді, әрі тиісті деңгейде болуына ұмтылуымыз керек. Толықтай алғанда шикізаттық экономиканы мемлекеттік қолдаудан бас тартқан Ирландия үлгісімен дәстүрлі энергетиканы қолдаудан және субсидиялаудан арылуымыз  қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Астана экономикалық форумы биыл «Global Challenges Summit-2018» жаһанды сын-тегеуріндер саммиті тақырыбымен өтіп, оның барысында адамзат өмірін сан түрлі қатерлерден аман алып қалудың жолдары қарастырылмақ. Форумда әдеттегідей әлемдік көшбасшылар мен ойшылдар, саясаткерлер, халықаралық ұйымдар мен ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары, іскерлік орта өкілдері бас қосып, жаһандық мәселелерді қамтитын 11 тақырып бойынша пікір алмасады. Атап айтқанда, экономика, әлеуметтік сала, диджитал технологиялар, өндіріс пен тұтыну және технологиялық өзгерістер мәселесі де кеңінен сөз болады. 

Соңғы жаңалықтар