АЭФ өткізуге 1,4 млрд теңге жұмсалуы орынды - Руслан Жемков

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарушы директоры Руслан Жемков елордада өтетін Халықаралық экономикалық форумға кететін шығынға қатысты көптің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл форум үшін республикалық бюджетпен 1,4 млрд теңге көлемінде қаражат мақұлданған болатын. «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының ашық порталында ашық сатып алу жүргізді. Оның бәрі жарияланған. Техникалық жабдықтау мен безендіру, пиар-қолдау бағытындағы үлкен конкурсқа 6 компания қатысты. Тендерлік кампания бірнеше тәулікке созылып, жеңімпаз анықталды. Компаниялардың бағалық ұсыныстары мен мұндай форумды өткізу мүмкіндіктері тексерілді. Жеңімпаз - HBTV компаниясы. Біз оны жасырып отырған жоқпыз. Барлық ақпарат ашық көздерде жарияланды», - деді Руслан Жемков ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарушы директоры сонымен бірге мұндай форумды өткізуге тым көп қаражат жұмсалып жатқан жоқ па деген сұраққа жауап берді.

«Елдегі ең үлкен конференция үшін - барлық қажеттілікке жауап бола аларлық орынды сома. Бізде 50 сессия, тіпті бір уақытта 9 шара қатар өтеді. Оның үстіне Конгресс-орталық - базалық негізгі локация болса, Хилтон қонақ үйі қосымша локация ретінде қызмет көрсетеді. «Астана» Халықаралық қаржы орталығында да біршама сессия өткізіледі. Ритс Карлтон мен Риксоста да форумдар ұйымдастырылады. Ұлттық банк пен Халықаралық валюта қоры өздерінің дөңгелек үстелін The St. Regis Astana-да өткізгелі отыр. Демек, мұндай ауқымды шаралар мен алаңдар үшін кететін шығын орынды деп есептейміз», - дейді ол.

Еске сала кетсек, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлік Қаражан 16-17 мамырда «Ынталандырушы өсім: Адамдар. Қалалар. Экономикалар» тақырыбында өтетін ХІІ Астана экономикалық форумына қандай меймандар келетінін жариялаған болатын.

Соңғы жаңалықтар