АЭФ-ке келетін әлемдік спикерлерге қанша ақша төленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 16-17 мамырда елордадағы «Ынталандырушы өсім: Адамдар. Қалалар. Экономикалар» тақырыбында өтетін ХІІ Астана экономикалық форумында сөз сөйлеп кететін әлемдік спикерлерге қанша ақша төленеді? Бұл сұраққа ОКҚ-дағы баспасөз мәслихатында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарушы директоры Руслан Жемков жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы Астана экономикалық форумының ерекшелігі - ұйымдастырушы комитеттің келісімімен гонорарды барынша алып тастадық. Гонорардың шығыны әдеттегі ереже бойынша демеушілердің қолдауымен жабылады. Демек, біз өз әріптестеріміз - қосалқы ұйымдастырушылармен келісе отырып, спикерлерді өздері алып келетіндей жұмыс жүргізіп отырмыз. Осылайша, бұл бағытқа республикалық бюджеттен ақша жұмсамасақ дейміз. Тиісінше, спикерлердің қайсысы қанша ақша алатынын мен нақты айта алмаймын. Жалпы, өздеріңіз түсінесіздер ғой, бәрі де спикердің деңгейіне, оның сөйлеп, жеткізе білуіне байланысты болады. Ондағы сома - 1 мың доллар және одан жоғары», - дейді Руслан Жемков.

Директордың айтуына қарағанда, спикерлердің көбі тегін келеді.

«Демек, олар қандай да бір серіктестік қарым-қатынас пен қандай да бір келісім аясында тегін келеді. Айта кетейін, қазірдің өзінде 100 млн теңгені үнемдеп отырмыз. 100 млн теңге үлкен тендерді өткізудің қорытындысы бойынша үнемделді», - дейді ол.

Руслан Жемковтың айтуынша, форумды өткізуге көмек көрсетіп жатқан 10 шақты демеуші бар.

«Олардың бәрінің атын атамай-ақ қояйын. Демеушілік көмек 5 млн теңгеден басталады. Сессияның демеушісі, өз есебінен меймандарға арналған стендті дайындауға ниет білдірген демеушілер баршылық», - дейді ол.

Еске сала кетсек, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлік Қаражан 16-17 мамырда «Ынталандырушы өсім: Адамдар. Қалалар. Экономикалар» тақырыбында өтетін ХІІ Астана экономикалық форумына қандай меймандар келетінін жариялаған болатын.

Өз кезегінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарушы директоры Руслан Жемков елордада өтетін Халықаралық экономикалық форумға кететін қаражаттың орынды жұмсалатынын айтқан еді. Оның айтуынша, форумды ұйымдастыру бойынша жүргізілген тендер әділ өткізіліп, оның қорытындысы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ сайтында жарияланған.

Соңғы жаңалықтар