АЭФ: Қартаюды тежейтін технологиялар әрбір адамға қолжетімді болады - Обри ди Грей

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Екі күнен бері елордада дәстүрлі Астана экономикалық форумы өтіп жатыр. Биылғы форумға әлемнің түрлі елдерінен қатысып жатқан 500-ге жуық спикердің арасында түрлі салалардың білікті мамандары мен ғалымдары бар. АЭФ аясында өтіп жатқан сессиялардың бірінде қартаюды тежейтін ғылымның жаңа қадамдары талқыланып, қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Осы орайда «Sens» ғылым қорының төрағасы Обри ди Греймен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Cіз көп жылдардан бері қартаюмен күрес мәселелерімен айналысып келесіз. Сонымен қатар қартаюды адамзаттың үлкен проблемаларының бірі деп ойласыз. Осы орайда сіздің бұл пайымыңыз қандай факторларға негізделген?

- Негізі, адамдар қартаю туралы көп ойлана бермейді, яғни адамзат осы тектес ой-толғамды мүлдем есінен шығарып тастау керек деп санайды. Алайда осыған қарамастан, бізде қартаюдың алдын алуға мүмкіндік бар дегенді түсіндім. Сонымен бірге, менен басқа ғалымдар да мұндай тұжырымға келді. Бұл ретте қанша өмір сүрсек те жас күйімізде қалып, толыққанды әрекет етуге қауқарлы болуымыз мүмкін.

- Сіз SENS (strategies for engineered negligible senescence) тұжырымдамасын әзірлеуші ғалым ретінде танылдыңыз. Яғни бұл ұғым инженерлік әдістермен қартаюды елемеу стратегиясына қол жеткізуге арналған. Оған сәйкес, ағзаның әлсіреуі процестеріне қарағанда, терапия жылдамырақ жетілдіріледі. Сіздің ойыңызша, ғылым адамның ауруларын болжап біліп, қартаюдан бір қадам ілгері тұруы тиіс. Бұл қаншалықты мүмкін?

- Әрине, ерте ме, кеш пе медицина ілгерілеп, бір қадам алда жүретін болады. Бұл тұрғыда адамның ағзасына табиғи түрде келтірілетін залалды айтарлықтай жылдам жоя алатын деңгейге жетуіміз мүмкін. Осы арқылы жас әрі жігерлі қалпымызда қала аламыз.

 - Жалпы, адамның қартаюымен күрес мәселесінде әлемдік ғылым мен медицина қаншалықты ілгеріледі? Бұл шараларда Қазақстандағы жағдайды қалай бағалар едіңіз?

-  Алдымен, бүгінде дұрыс бағытта тұрғанымыздың өзі қартаюмен күресте қаншалықты алға жылжығанымызды көрсетіп тұр. Дегенмен де әлі көп жұмыстарды атқару керек. 15 жылдың ішінде осы салада атқарған жұмысымда елеулі прогреске қол жеткіздік.

Сондықтан бұл ілгерілеудің қарқыны артып келе жатқанына, жақын арада қартаюды қадағалау үшін бізде барлық мүмкіндіктер болатынына сенемін. Қазақстанда жағдайды өзгерту үшін көптеген мүмкіндіктер бар екеніне күмәнім жоқ. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та осы тақырыпқа қызығушылық танытып келеді. Бұл жайында ол көп жылдардан бері айтуда. Сонымен бірге, Назарбаев Университеті аталған салада бірқатар бастамаларды ұсынып отыр. Менің ойымша, бұл салада Қазақстан өзінің елеулі үлесін қоса алады.

- Болашақта ағзаны жасартатын технологиялар әр адамға қолжетімді бола ма?

- Бұл технологиялар міндетті түрде әр адамға қолжетімді болады, себебі технологиялар өз-өзін өте жылдам ақтайды деген ойдамын. Егер де жас адам жақсы жұмыс істеп, еңбек өнімділігін арттырса, онда ол табысты екенін көрсете алады әрі осы азаматтың ақшасы да тұрақты түрде болады. Бұл тұрғыда адамдар бойында күш-жігерін сақтап қалу үшін, соңғы буынды технологиялардың мүмкіндігіне емін-еркін жүгіне алады.

- Әңгімеңізге рахмет! Ғылым жолында сәттілік тілейміз!

Соңғы жаңалықтар