АЭФ: ЕАЭО мен Қытай арасындағы келісімнің шарттары қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ алқасының төрағасы Тигран Саркисян ЕАЭО мен Қытай арасындағы келісімнің негізгі шарттары туралы айтып берді. Аталған құжат сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуды көздейді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келісімнің басты талабы - ашықтық. Осы орайда біз екіжақты сауда саттыққа кедергі болатын жағдайлардың нотификациясын, яғни ондай тосқауылдар туындағанда бір-бірімізді алдын ала ескертуге келістік. Министрліктер деңгейінде арнайы комитет құрылады. Ол да - келісімнің маңызды шарты. Ал бизнесмендер үшін ақпараттық орталықтарды құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, барлық елдердің кеден қызметкерлері бірлесіп жұмыс істейтін болады», - деді Т.Саркисян Астана экономикалық форумы аясындағы панельдік сессияда.

Оның айтуынша, шекарада тауарды ұзақ ұстап тұрса, ол елдің құзіретті органдары өз шешімін міндетті түрде түсіндіруі тиіс. Ал электронды сауда саласында тұтынушылардың жеке мәліметтерін сақтау қағидаттары енгізілді. Зияткерлік құқықтар да қатаң сақталуы шарт.

«Жалпы, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, өндіріс, теxнологиялар, инновациялар, ақпараттық-теxнологиялық инфрақұрылым, қаржы мен қоршаған орта саласында өзара ынтымақтастықты дамытуға басымдық беріледі. Қазірдің өзінде біз қытайлық әріптестерге көлік саласы бойынша 40 жобаны қарастыруды ұсындық», - деп атап көрсетті Т.Саркисян.

Келісімде кедендік жеңілдіктер қарастырылмаған. Негізгі мақсат - екіжақты ынтымақтастықты нығайту, қарым-қатынастың нақты жолдарын белгілеу, ортақ жобалар үшін тиімді жағдай жасау.

Айта кетейік, бүгін Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Қытай Халық Республикасы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Соңғы жаңалықтар