АЭФ: Астанадағы жаһандық алаңның ауқымы кеңейе түсуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше елордада басталған VII Астана экономикалық форумы өзінің ауқымы жыл сайын кеңейіп, маңызы да артып отырғанын дәлелдеді. Үш күнге ұласатын алқалы жиынға 15 мыңнан астам делегат қатысса, соның ішінде, әлемнің жүзден астам мемлекетінен 130-дан астам салалық министрлер ат басын Астанаға арнайы бұрыпты. Осының өзі-ақ елордалық алаңның жаһандық ауқымын аңғартса керек.

Жылдағы дәстүрге сәйкес, экономикалық форум аясында 70-тен астам шаралар қамтылып отыр. Соның ішінде маңыздыларына тоқталып өтсек. АЭФ аясындағы дәстүрлі шара V «Astana Invest-2014» Халықаралық инвестициялық фору­мы болып табылады. АЭФ-тың алғашқы күні ашылған бұндай басқосу шетелден келген мәртебелі меймандарға еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін паш ету үшін таптырмас алаң ретінде бағаланатыны да сөзсіз. Сондықтан да, инвестициялық форум жұмысына Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мә­сімов қатысып, еліміздің инвестициялық саясаты тұрғысынан біршама жайтты атап өткен еді. Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстан шетел инвестициясын тартуда өңірде көшбасшыға айналып отыр. Айталық, соңғы бес жыл ішінде отандық экономикаға 160 миллиард доллар ин­вестиция тартылды. Осы бағыттағы жұмысқа халықаралық қаржы құрылымдары, атап айтқанда Бүкіләлемдік банк тарапы да жоғары баға берді. Сонымен қатар, инвестициялық ахуалды жақсарту саясаты әлі де жалғасатын болады. Осы ретте Үкімет басшысы инвестиция тарту бойынша кешенді бағдарлама әзірленгенін, жақын арада арнайы заң жобасы Парламентке ұсынылатынын жеткізді.

«Қазақстан дамуында Астана қаласының өркендеуі ерекше орын алады. Қазірдің өзінде елорда өмір сү­ру­дің жоғары стандарттарын ұсынып отырған, зор қарқынмен дамушы мега­по­листердің бірінен саналады. Астана халықаралық университеттердің, зерт­теу орталықтарының, медицина мекеме­лерінің басын біріктіріп отырған үлкен рухани орталық. Болашақта қала ЭКСПО-2017 көрмесін қабылдайтын болады. Бұл әлемдік инвес­торларды, технологияларды, инновация­ларды, саяси қайраткерлерді тартатын халықаралық ауқымды шара болмақ. Мен осы мәселелермен жан-жақты танысуға шақырамын», - деді сөз арасында Кәрім Мәсімов.

Ал елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың айтуынша, 16 жылдан бері Астананы дамытуға 4 триллион 780 миллиард теңге немесе 30 миллиард доллар тікелей инвестициялар салынған. Осы уақыт ішінде қалаға тартылған инвестиция көлемі 28 есе өскен. Ал айтулы V «Astana Invest-2014» Халықаралық инвестициялық форумы шеңберінде елорда экономикасына жалпы көлемі 500 миллион долларды құрайтын инвестиция тарту мақсатында 11 меморандумға қол қою көзделініп отырғандығы да белгілі болды.

ЭКСПО мен «жасыл экономика» Қазақстанның жаһандық беделін арттыра түспек

Экономикалық форум аясындағы маңызды басқосудың бірі «ЭКСПО-ның индустриялық-инновациялық даму мен «жасыл экономикаға» қосар үлесі» атты сессияда өрбіді. 2017 жылы Астанада өткелі отырған ЭКСПО халықаралық көрмесінің тақырыбымен ұштастырылған сессия барысында алда атқарылар жоспарлар туралы әңгіме айтылды. Мәселен, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев биылғы маусым айында Халықаралық көрмелер бюросының 155-ші Бас Ассамблеясында «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің ресми тіркелуі өткізілетінін хабарлады. Оның айтуынша, онда Қазақстанға Халықаралық көрмелер бюросының арнайы туы табыс етіледі. «Қазақстан Халықаралық көрмені өткізуге ерекше басымдық беріп отыр. Ұлттық ауқымда басымдық берілген шараның табысты өтуіне барша қазақстандықтар мүдделі», - деп атап өтті жиын барысында Талғат Ермегияев. Бұдан бөлек, «Астана ЭКСПО-2017» Бүкіләлемдік көрмесінің мәселесіне арналған 1 сессияда Халықаралық көрмелер бюросы бас хатшысының коммуникациялық мәселелер бойынша кеңесшісі Иван Простаков, физика бойынша 2006 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Фицджеральд Смут ІІІ, БҰҰ-ның «Баршаға бірдей тұрақты энергетика» бастамасы үшін қорының арнаулы кеңесшісі Серж Мартин сөз сөйледі.

«Жасыл энергетика» демекші Астана экономикалық форумындағы қамтылған маңызды тақырыптың бірі «ЖАСЫЛ SMART» бизнес форумы болды. Онда Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров Қазақстанның «Жасыл экономикаға» көшуі тұжырымдамасымен таныстырған болатын. Сонымен қатар, «жасыл экономикаға» көшу бағытындағы проблемаларға да назар аударылды. Айталық, министрдің сөзіне қарағанда, экономиканың осы түріне өтудегі басты проблемалардың бірі парниктік газдар шығарындысын азайту болып табылады. Ал елімізге келсек, Қазақстанның парниктік газдар шығарындыларының квота саудасына қатысуда үлкен әлеуеті бар. Өйткені еліміздің «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес, парниктік шығарындыларды 1990 жылғы деңгейден 2020 жылға таман 15 пайызға, ал 2050 жылға таман 25 пайызға қысқарту жоспарланып отыр. Осыған орай, сессия барысында қатысушылар қазақстандық ұстанымның төңірегінде біршама әңгіме өрбітіп, «жасыл экономикаға» өтудегі елдік бағыттың дұрыстығына назар аудартты.

Жаһандық дағдарыс дара күресті емес, жұмыла ден қоюды құптайды

Астана экономикалық форумы аясында былтыр тұсауы кесілген маңызды басқосудың бірі - Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференциясы. Жаһан дамуы үшін жайлы жолды жұмыла іздеуге бағытталған конференцияның тақырыптық ауқымы да айтарлықтай. Басқосуға экономика саласының элиталары саналатын мәртебелі меймандардан бастап, салиқалы һәм сәуегей саясаткерлерге дейін қатысты. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Бреттон-Вудс келісімін жаңарту комитетінің атқарушы директоры Марк Узан, Жапония Экономикалық зерттеулер орталығының президенті Казумаса Ивата, Йель университетінің жаһандық мәселелер бойынша жоғары ғылыми қызметкері Доминго Кавалло, Ливан Республикасының экс-премьері Фуад Синиора, Халықаралық валюта қоры атқарушы директоры Даниель Хеллер, Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Данияр Ақышев және басқалар қатысты. Алқалы жиынды алғашқы болып сөз сөйлеп ашқан Бақыт Сұлтанов баяндама барысында жаһандық реформалардың дәуірі туғандығына тоқталған болатын. Оның пайымынша, Еуропадағы қарыздық дағдарыс мәселесінің дүдәмал күйге түсуі, БРИКС елдері экономикасының ентіге бастауы, шикізат ресурстарына деген баға алшақтығы жағдайына тәуелді болып тұрған халықаралық экономика әлі сол өзгеріссіз қалпында тұр. «Оның үстіне, жаппай белең ала бастаған жұмыссыздық көрсеткіші экономикалық өсімді ұстап тұрған негізгі факторлардың бірі болып отыр. Осы үдерістердің барлығы «ыстық» нүктелерде, тіпті кеше ғана әлеуметтік тұрақтылықтың жұмағы болған елдердің өзінде түрлі әлеуметтік жанжалдарға себеп болып, қабаттаса жүруде. Дәл қазір біз жолайрықта тұрмыз. Оған ағымдағы өзіміз көріп жүрген макроэкономикалық үдерістер дәлел бола алады. Бір нәрсе айқын, жаңа парадигма ғасырын бастан өткерудеміз, экономикалық өсудің полюстері мен формалары өзгеруде», - деді ҚР Премьер-Министр орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов. Бұл ретте министр ғаламдық экономикалық өзгерістерді бөлшектенбей қарсы тұру арқылы еңсерудің тиімділігін айтып, ортақ шешімдер табудың тың жолдары әлі де жеткіліксіз екеніне назар аудартты. «Сондықтан, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2011 жылдың желтоқсанында құрылып, Санкт-Петербургте «G20» саммитінде ұсынылған «G-Global» форматы кең көлемді үнқатысу негізі бола алатынына кәміл сенімдіміз. Форматта БҰҰ-ға мүше мемлекеттер тең дәрежеде өзара әріптес бола алады. Ал бүгінгі күні «G-Global» халықаралық қауымдастықты біріктіретін, заманауи қатерлерге тойтарыс бере алатын, жаңа ұсыныстар жасап шығара алатын көп қырлы үнқатысу алаңына айналды. Бұл формат өміршеңдігін дәлелдеп, ғаламтор арқылы жүзеге асуда. «G-Global»-дың ең бастапқы мақсаты бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасын жасақтап, халықаралық дағдарысқа қарсы конференцияда мақұлдату болып табылады», - деді Бақыт Сұлтанов.

Жиын барысында сөз алған шешендердің қай-қайсысы да дағдарыс сабақтарына мән беру керектігін алға тартты. Мәселен, Бреттон-Вудс келісімін жаңарту комитетінің атқарушы директоры Марк Узан бастан кешірген дағдарыстардан әлі де сабақ ала алмағанымызды, әйтпесе дағдарысты айналып өтер жолды байқауға болатынын тілге тиек етті. «Осы орайда, «G-Global»-дағы әріптестерімді халықаралық қатерлерді нақты қоя білгендігі, анықтай алғандықтары үшін ерекше атап өткім келеді», - деді М. Узан.

Жалпы, кеше басталған VII Астана экономикалық форумы аясындағы сессиялар бүгін де жалғасты, ертең де жұмысын жандандыратын болады. Мәселен, бүгін АЭФ шеңберіндегі «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару: ахуалы мен болашағы» атты жаһандық конференциясы өтті. Онда мемлекеттік қызмет істері бағытындағы Өңірлік хабқа ұмтылған Қазақстанның мақсаты жайында сөз болып, біздің еліміздің үлгісіне жоғары бағалар берілді. Ал IX Инновациялық конгресс барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев қазақстанның инновациялық бағыты туралы әңгімеледі. «Қазір инновацияны дамытуға арналған көптеген құралдар бар, тек қана ИЖТМ желісі бойынша ондай құралдардың саны 10-нан асты. Осы құралдар арқылы 400-ден астам ғалымдар, стартап компаниялар мен жас кәсіпкерлер қолдауға ие болды. Бұл жақсы көрсеткіш, өйткені бұрын ондайлар саусақпен санарлықтай ғана болатын. Сонымен қатар, соңғы жылдарда кәсіпорындардың технологиялық инновацияларына арналған шығындар 7 есеге өсті, инновациялық өнім көлемі бірнеше есеге артты, ал кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі екі есеге ұлғайды», - деп атап өтті министр Ә. Исекешев.

Сөйтіп, Астанадағы үнқатысулар мен сұхбаттар алаңында маңызды жаһандық тақырыптар қаузалып, қызықты пікір алмасулар мен қызу талқылаулар орын алуда. Жиынның үшінші күнгі басқосуына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысатыны күтіліп отыр. Шындығында, Елбасы Н. Назарбаев әлем­дік деңгейдегі шара - Астана эко­­но­ми­калық форумының авторы әрі оның не­гізін қалаушы. Ендеше, ертеңгі алқалы жиыннан форумның маңызын арттыра түсетін мәлімдемелерді күтуге болатындай.

Соңғы жаңалықтар