АЭФ: Америкалық ғалым адам ағзаларын жасанды жолмен өсіру туралы айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда төрінде өткен Астана экономикалық форумына АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатынан келген медицина ғылымдарының докторы Энтони Атала қуық, бұлшық ет және шеміршек сынды адам мүшелерін ағзадан тысқары жерде өсіруге қол жеткізген. Бүгінде Уэйк Форест  Регенеративті медицина институтына басшылық жасайтын ғалым ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында ғылыми жұмыстары жайында айтып берді.

- Атала мырза, сіз медицинада тіндік инженерия деген атауға ие болған жаңа бағыттың әлемдік көшбасшыларының бірісіз. Бұл бағытпен айналысып жүргеніңізге көп уақыт болды ма?

- Біз регенеративті медицина және тіндік инженерия саласымен 30 жылға жуық уақыт бойы айналысып келеміз. Бастапқыда ағзадан тыс жасуша өсіп үйренуге тырысқан едік. Сол кезде бұл нағыз сын-тегеурін болатын. Соңғы он жылдың ішінде біз зертханаларда тіндерді өндіруді және оны имплантациялауды үйреніп алдық.

- Ағзаның бөгде мүшені қабылдай қоймауы да мүмкін екендігін білеміз. Сондықтан трансплантация саласындағы ғылымның қаншалықты ілгерілегендігін айтып берсеңіз. Сіздердің жұмыстарыңыз нәтижесі қаншалықты табысты?

- Әрине, мүшелерді ауыстыру барысындағы ең бір күрделі мәселелердің бірі оны қабылдамау екендігі сөзсіз. Осыған байланысты тіндік инженерия мен регенаративті медицина басымдықтарының бірі пациенттің өзінің жасушасын пайдалану мүмкіншілігінде болып отыр. Пациент тінінің шағын ғана үлгісін алғаннан кейін жасушаны ағзадан тысқары өсіріп, үш өлшемді қалыптама жасау қажет. Содан кейін қайтадан пациенттің денесінде тірілтуге болады. Мен мұны бірқатар мүшеге, атап айтқанда теріге, қуыққа, шеміршекке, бұлшық етке, несеп жолына және басқа да мүшеге табысты жасап көрдім.

- Әлемнің барлық елдеріндегідей Қазақстанда да адамның ағзасын ауыстыру жүзеге асырылуда...

- Әлемдегі, оның ішінде Қазақстандағы әрбір ірі университеттің белгілі бір деңгейде жасушалармен, жасушылардың өзегімен не болмаса материалдарымен жұмыс істейтіндігі анық жайт. Яғни, тіндік инженерия үшін құндылығы бар барлық технологиялар қолданылады.

- Жылдан жылға тіндік инженерия қазіргі заманғы трансплантология үшін үлкен мәнге ие бола түсуде. Оның келешегі қандай? Болашақта тағы да қандай мүшелерді өсіріп шығаруға болады деп есептейсіз?

- Біз жасап шығаратын тіндер мен ағзаларға қатысты айтар болсам, тері сынды тегіс құрылымдарды жасап шығару біршама қиындық тудырады. Құбырлы құрылымдар мәселен, қан тамырлары күрделіліктің екінші деңгейіне жатады. Күрделіліктің үшінші деңгейі - бұл асқазан не болмаса қуық сынды қуысты құбырлы емес ағзалар. Және де ең соңғы күрделі ағзалар - жүрек, бауыр, бүйрек секілді тығыз ағзалар. Пациенттер үшін аталған ағзаларды жасау барысында біршама күрделіден ең күрделіге дейінгі дәл осындай реттілікпен жұмыс істейміз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар