АЭФ алғашқы күні: Жаһандық экономика өсімін арттыру үшін ақырын жүріп, анық басу қажет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада XII Астана экономикалық форумының бірінші күні аяқталды. Әлемнің 74 елінен 5 мыңнан астам делегат қатысып жатқан жаһандық форум бұл жолы «Ынталандырушы өсу, адамдар, қалалар, экономикалар» тақырыбын арқау етіп алған. Халықаралық шараның жалпы отырысына арнайы қатысып делегаттар алдында сөз сөйлеген ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономикалық форумының өңірлік және жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру үдерісіндегі маңызды рөлін атап өтті.

"Алдыңғы жылдары осы жерде талқыланған ұсыныстар мен идеялар Қазақстанға жаһандық сын-қатерлерді уақтылы ескеріп, қиындықтарды табысты еңсеруге мүмкіндік берді. Дамудың қазақстандық моделі қалыптасқан жағдайлар мен болжамдарға қарамастан өзінің тұрақтылығы мен тиімділігін дәлелдегенін білесіздер. Біз өршіл мақсаттар қойып, соларға қол жеткізе алдық", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы жаһандық экономикадағы соңғы өзгерістер туралы пікірін ортаға салып, мемлекетаралық диалогты жақсарту үшін бірқатар идея ұсынды. Сонымен қатар әлемдік экономиканы дамыту, цифрландыру, білім беру үдерістерінің трансформациясы, адам капиталына қойылатын талаптардың күшеюі, сондай-ақ урбанизация перспективалары сияқты мәселелерге тоқталды.

"Экономикалық жоспарлаудың көкжиегі тарылып келе жатқанын білесіздер. Күрделі жағдайлардан шығу жолдарын Біріккен Ұлттар ұйымы, G-20, Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты халықаралық ұйымдар мен форумдар аясында табуға болады. Бірлесе талқылау мен басқаруға көшетін кез келді. Таяуда Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» ІІ форумында мен «Үш Д» жаңа геосаяси ахуалы негізінде тұрақты жаһандық архитектураны қалыптастыруды ұсындым. Бұл дегеніміз - үш деңгейде диалог орнату", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
null

Елбасы бір қарағанда әлемдегі экономикалық даму тұрақты сияқты көрінгенімен құлдырау бар екендігін айтты.

"Бірақ, оның тасасында іргелі, күрт әрі теңсіздік тұр. Әлемдік экономикалық өсім қарқыны болжанған 3,9 пайыздан 3,6 пайызға дейін төмендеді. Халықаралық валюта қоры 2019 жылы мұнан да үлкен қысқарудың болатындығын, 3,3 пайызға дейін төмендейтіндігін болжап отыр. Сондықтан ел дамуының жаңа жолдарын іздеуде мемлекеттер жұмыс істеп тұрған нарықтар үшін күресті күшейтуге мәжбүр. Бұл ретте бәсекелестіктің нарықтық емес әдістерін де қолданып жатады», - деді Елбасы.

ҚР Тұңғыш Президентінің бұл деректерін Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард да қолдап, өткен жылмен салыстырғанда жаһандық экономика өсімінің баялап тұрғандығын, болжамды 3,6 пайызға қарағанда 0,3 тармаққа төмен екендігін алға тартты.

«Экономикалық даму бағытында біртіндеп қарқын алу керек. Бұл ретте қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының «Ақырын жүріп, анық бас» деп жазып кеткен өлең жолдары ойға келеді. Сондықтан бүгінгі форумда осы идеяға айрықша екпін қоймақпын, яғни әрбір қадамды сенімді түрде жасауымыз керек. Өкінішке қарай, әлемдік өсімге қараған кезде, адамдардың көбісінің әрекеттерінде даму қарқыны байқалмайды. Олар сол баяғы баяу сарында жылжып келеді», - деді Кристин Лагард.
null

Ал Армения Президенті Армен Саркисян прогрессивті дамуға қатысты ойымен бөлісті. «Алғашқы локомотивтердің бірі адами капитал саналады. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, әлемдегі ең ірі 5 компания минералды ресурстар өндірмейтіндігі белгілі. Бұл компаниялар HighTech пен ІТ-технологиялар, сонымен қатар жасанды интеллект саласында жұмыс істейді. Мұндай түрленудің бірнеше факторы бар. Оның бірі - адами капитал, шығармашылық адамдары. Екінші фактор - төртінші индустриалдық революция. Біз жылдам революция эволюциясына енген сияқтымыз. Бұл өзгерістер 30 жылдан кейін емес, күн сайын орын алады. Біз оған дайын болуымыз қажет», - деді ол.

Айта кетерлігі, биылғы форум бұрын-соңды болмаған ауқымда өтіп жатыр. Екі күн ішінде 50-ден астам іс-шаралар өткізіледі. Бұл АЭФ-тың 12 жылдық тарихындағы рекордтық көрсеткіш саналады. Аталған шараларды әлемнің 30 елінен тіркелген 710 бұқаралық ақпарат өкілдері жаһанға таратуда.

11 жыл ішінде Астана экономикалық форумы (АЭФ) әлемдік экономика мен қаржы жүйесін жетілдіру және дамыту мәселелерін талқылауға арналған ең беделді халықаралық платформалардың бірі ретінде мәртебеге ие болды. Форумға әлемнің 150 елінен 50 000-ға жуық делегаттар, оның ішінде 20-дан аса Нобель сыйлығының лауреаттары және 30 жоғары дәрежелі шетелдік саяси қайраткерлері қатысты. Конгресс аясында 20 миллиард АҚШ долларынан астам сомаға 300-ден астам меморандумдар мен келісімдер жасалды.

null

Соңғы жаңалықтар