АЭФ: Ақпараттық кеңістіктегі хаусты қалай ауыздықтауға болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жалған ақпараттың әлемге қауіп төндіріп тұрғаны айқын. Оның күші тіпті тұтас мемлекеттерді тірестіріп қоюға қауқарлы. Бұл туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев күні кеше Global Challenges Summit 2018 форумында айтып өткен болатын. Ал АҚШ секілді алпауыт елдерде жалған ақпараттармен күрес қалай жүргізіліп жатыр? Ол жайлы форумның бүгінгі сессиясында Флоридадағы «Tampa Bay Times» басылымының фактчекингті «Politifact» жобасының штаттағы жазушысы Джон Гринберг әңгімелеп берді.

Джон Гринберг ақпараттық кеңістіктегі хаусты қалай ауыздықтауға болатыны туралы сөз қозғады.

«Біздің рөл - ақпараттық ағымдағы қоқыстарды жинап алып, тиісті жерге жіберу. Әсіресе, жалған ақпараттардың ағымын тежеп, қазбалап, талдау жүргіземіз. Саясаткерлер өз басқаруындағы мемлекеттің 20 жылдан кейін бейнесі туралы мәлімдеме жасады делік. Егер ол саясаткердің бұл тұжырымдамасы қандай да бір негізге сүйенген болса, оның сүйенген мәліметтерінің шынайылығын зерттеп, айқын емес бөліктерін сыртқа шығарамыз. Демек, біз кейбір мәлімдемелер анық болмай шығады деп есептейміз», - дейді ол.

Оның айтуынша, «Politifact» сайтының мамандары талдау жүргізіп, мәлімдемелерді «анық», «анық емес» және «мүлде қате» деген санаттарға бөліп, баға береді.

«Мәселен, егер біреу көпті алдап тұрғанын, мәлімдеменің артында жалғандық тұрғанын білсек, біз тұжырымның мүлде шындыққа сәйкес келмейтінін жариялаймыз. Біздің жұмысымыз - осылайша ақпараттық ағынды тазартып, анық емес мәлімдемелерді анықтау. Келесі қадам - ең маңызды. Біз осы ақпаратты біздің веб-сайтта жария етеміз. Айтпақшы, біздің сайт өте танымал. 2016 жылғы сайлау кезінде (АҚШ-тағы -авт.) 255 миллион парақша жария етілді. Біздің сайтқа келіп түскен өтінімдердің де саны өте көп болды. Біздің мәліметтер барлық әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, тұжырым ретінде қолданылып отырды», - дейді Джон Гринберг.

Ол өз сөзінде ақпараттық хаус туралы сөз қозғап, азаматтар ақпаратты қабылдауда ақылды тұтынушы бола білу керектігін атап өтті.

«Яғни, біздің өзіміз ақпараттың қаншалықты рас-өтірігіне баға бере білуге тиіспіз. Бізге сонымен қатар, осы ақпарат ары қарай қалайша таралуы, дамуы мүмкін екенін түсіну керек. Осылайша, әрбір азамат интеллектуалды ақпаратты тұтынушы болуымыз керек. Жалған ақпараттардың таралуы десе де, бізді алаңдататын мәселелердің бірі болып отыр», - деп түйді Джон Гринберг.

Айта кетсек, «Politifact» - Флоридадағы ең таралымы мол «Tampa Bay Times» басылымының фактчекинг жобасы. Сайт 2007 жылы жұмысын бастаған. Пулитцер сыйлығыне ие болған «Politifact» саясаткерлердің мәлімдемесінің шын-өтірігін тексеру жұмысымен айналысады.

Соңғы жаңалықтар