Адвокаттық қызметпен айналысу құқына үміткерлердің аттестациясынан өткендерге лицензия берілмек

None
None
АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Адвокаттық қызметпен айналысу құқына үміткерлердің аттестациясынан өткендерге лицензия берілмек. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Әділет министрлігі Талдау және стратегиялық жоспарлау департаменті директорының орынбасары Ерболат Ерімбет мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Әділет министрлігінде адвокаттық қызметпен айналысу құқына үміткерлердің аттестациясы екі кезең бойынша өткізіледі. Бірінші кезеңде, яғни ақпанның 24-і мен 27-сі аралығында Астана қаласының, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе облыстарының үміткерлері қатысты.

«Атап айтқанда комиссия аталған өңірлерден шақырылған 282 үміткерді аттестаттаудан өткізді. Оның ішінде 98 адам, яғни 34,8 пайызы аттестатталды. Тағыламдамадан өткеннен кейін оларға адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия беріледі»,-деді Е. Ерімбет.

Бұдан бұрын хабарланғандай, аттестациялық комиссия өкілдерінің айтуынша, адвокаттық қызмет құқын иелену үшін сынға түсетіндер тестілеу түрінде емтихан тапсырулары тиіс, яғни барлығы 100 сұраққа жауап берулері шарт. Егер үміткер 70-тен астам сұраққа дұрыс жауаптарды белгілесе, екінші кезеңге өтіп, комиссия мүшелерімен ауызша әңгімелесу тәртібінде сыналатын болады. Атап айтқанда, үміткер 4 балдан жоғары жинаса, Әділет министрлігі лицензия беру мәселесін шешетін болады. Тестілеуде конституциялық, қылмыстық, азаматтық құқық, сондай-ақ процессуалдық заңнама, жер және отбасылық қатынастар тұрғысындағы сұрақтар қамтылған. Ал қалған облыстардың өкілдеріне аттестация өткізу мерзімі қосымша хабарланатын болады.

Соңғы жаңалықтар